Дәурен Кеңбеил ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі алғашқы консультативті кездесуге қатысты

Дәурен Кеңбеил ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі алғашқы консультативті кездесуге қатысты

 

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил Бейжіңде (ҚХР) өткен ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі алғашқы консультативті кездесуге қатысты.

Дәурен Маратұлы еліміздің бұл бастаманы қолдайтыны туралы айта келе цифрлы технологияларды енгізу, жасанды интеллект технологиялары мен су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту сынды салалардағы жобаларды қаржыландырудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараның аясында вице-министр Қытай мен Ресейдің Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ «Қытай Эксимбанкінің» өкілдерімен екіжақты кездесу өткізді.

Айталық, ҚХР Қаржы вице-министрі Ляо Миньмен болған кездесуде ШЫҰ Даму банкін құру, екіжақты қаржылық ынтымақтастықты дамыту туралы пікір алысып, тараптар қытай нарығында панда-бондтар (Қытай қор нарығының бағалы қағаздары) шығару бойынша өзара іс-қимыл туралы уағдаласты.

Ал Ресей Федерациясы Қаржы министрінің орынбасары Иван Чебесковпен екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі мәселелер, оның ішінде өңірлік қаржы институттарының қызметі талқыланды.

Бұған қоса «Қытай Эксимбанкінің» вице-президенті Чэнь Биньмен өткен кездесуде Қазақстандағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асыру , атап айтқанда Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан Астана қаласына дейін №4 сорғы-сүзгі станциясымен суағарду салу, «Орталық-Батыс» дәлізі («Астана –Ырғыз» учаскесі) мен Қазақстанның өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері қаралды.

Оның қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды іске асырып, екіжақты әріптестікті одан әрі дамытуға және өзара тиімді мақсаттарға бірлесіп қол жеткізуге мүдделі екендерін жеткізді.