Digital Qazaqstan форумында Қаржы министрлігінің цифрлы картасының көмегімен тауарды талдаудың тәсілі көрсетілді

Digital Qazaqstan форумында Қаржы министрлігінің цифрлы картасының көмегімен тауарды талдаудың тәсілі көрсетілді

Шымкентте өтіп жатқан Digital Qazaqstan форумында ҚР Қаржы министрлігі  Электрондық қаржы орталығымен бірлесіп, «е-Қаржымині» жүйесінің «Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» модулінде (МҚЦК) іске асырылған тауар аналитикасының мүмкіндіктерін таныстырды.

Бұл бағдарлама еліміздегі тауар айналымының тұтас көрінісін анықтап, өңірлер бөлінісінде қолжетімді аналитиканы қалыптастыруға бағытталған. Озық шешім Қазақстан картасында бөлшек сауда туралы мәліметтерді визуализациялап, оларды ауқымды түрде талдауға мүмкіндік береді.

Жүйе бақылау-кассалық машиналарды, сондай-ақ сауда және әкімшілік-аумақтық бірліктерді қоса алғанда, түрлі нысандар санаты бойынша бірыңғай аналитиканы қалыптастырады. Сонымен қатар, түрлі кезеңдерге байланысты аналитика, тауарлар рейтингін қалыптастыру және өңірлік ерекшеліктерді анықтау бойынша сұраныстар қолжетімді.

Қолданыстағы нұсқада аналитика фискалдық чектердің деректері негізінде қалыптасады. Алдағы уақытта электронды шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттарын интеграциялау арқылы деректер көздерін кеңейту көзделген. Бұл талдаудың толықтығы мен ауқымын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Осы ретте Тауарлардың ұлттық каталогының бірегей цифрлы кодтары — NTIN идентификаторларын пайдалану деректерді түпкілікті сәйкестендіріп, салыстыруды жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енген NTIN-ді міндетті түрде қолдану талабы тауарларды толық сәйкестендіруді қамтамасыз етіп, айналымды талдаудың салыстырмалы әрі ашық жүйесін қалыптастыруға септігін тигізді.

Жүйенің функционалы өңірлер, сауда нысандары мен салық төлеушілер арасында салыстырмалы талдау жүргізуге, сондай-ақ сұраныс құрылымы мен тауар ағындарындағы өзгерістерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік қаржының цифрлы картасына негізделген тауар аналитикасы нақты тауарлар мен аумақтар призмасы арқылы алғаш рет экономикалық белсенділікті көруге жол ашып отыр. Бұл тұтынушылық деңгей құрылымын тереңірек түсінуге, өзгерістерге жедел әрекет етуге және дәл шешім қабылдауға мүмкіндік беретін тың құрал», — деді ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.

Жобаның таныстырылымы экономиканың ашықтығын арттыруға және мемлекеттік қаржы жүйесінің аналитикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған цифрлы құралдарды нығайтудың бір бөлігі болып табылады.