ҚР ҚМ Digital Qazaqstan форумында «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» жобасын таныстырды

ҚР ҚМ Digital Qazaqstan форумында «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» жобасын таныстырды

ҚР Қаржы министрлігі мен Электрондық қаржы орталығы Digital Qazaqstan форумында Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетінің артықшылықтарын көрсетті.

Аталған жоба «бір терезе» қағидаты аясында іске асырылып, отандық бизнестің министрліктің ақпаратжүйелерімен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған. Портал негізгі сервистерді біртұтас цифрлы кеңістікте біріктіріп, кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтер мен деректерге бір жерден қол жеткізуге мүмкіндік береді.

КБЖК функционалы бірыңғай авторизациялау мен рөлдерді басқаруды, қызметкерлерге өкілеттікті беруді, орталықтандырылған хабарландыру жүйесін, контрагенттермен өзара әрекеттесуге арналған орнатылған чатты, аналитикалық құралдарды және бизнес деректерін визуализациялауды, сондай-ақ ЖИ-бизнес көмекшісі мен салық қызметтерін қамтиды. Портал бизнес үшін бірыңғай цифрлы экожүйені қалыптастыра отырып, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланады.

Бүгінде жүйеде 15 мыңнан астам пайдаланушы тіркеліп, базалық функционал іске қосылған. Кәсіпкерлердің ұсынысын ескере отырып, сервистерді дамыту мен кеңейту бойынша жұмыс жалғасып келеді.

«Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті – мемлекет пен бизнестің арасындағы өзара әріптестіктің тың шешімі. Біз кәсіпкерге жан-жаққа сабылып, іздеуді қажет етпейтін орталықтандырылған қызмет ортасын құруға мән беріп отырмыз: ведомствоның барлық негізгі сервисі біртұтас цифрлы кеңістікте қолжетімді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтып, процестердің ашықтығын арттырады және бизнеске өз кәсібін дамытуға жол ашады», деді Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.

Озық жобаның Digital Qazaqstan форумындағы таныстырылымы мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы инфрақұрылымын дамыту мен кәсіпкерлерге арналған заманауи сервистерді кеңейту жөніндегі кешенді жұмыстың бір бөлігі болып саналады.