
Қаржы министрлігінде салтанатты жиын өтіп, Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директорының орынбасары Дүйсен Әділханов «Еңбек ардагері» мемлекеттік медалімен марапатталды. Білікті маман қаржы саласындағы ұзақ жылғы еңбегін жемісті нәтижемен тәмамдап отыр.
Аталған награданы ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков табыстап, ол Дүйсен Әділхановтың отандық қаржы жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Д.Әділханов еңбек жолын 1986 жылы инженер болып бастаған. 1996-1999 жылдары Шардара қаласының әкімі болды. Кейінгі жылдары Маңғыстау облысының әкімдігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде, сондай-ақ Экономикалық даму және сауда министрлігінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.
Ол 13 жылдан астам уақытын Қаржы министрлігінің жүйесінде жұмыс істеуге арнады. Бұл уақыт аралығында қарымды маман қаржы заңнамасын жетілдіруге және еліміздің қаржы жүйесін дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Бірқатар басшылық қызмет атқарып, оның ішінде Әдеп жөніндегі уәкіл болды. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
Дәурен Оденұлы ардагерге жемісті жұмыс пен мемлекеттік қызметке деген адалдығы үшін алғыс айтып, зор денсаулық пен амандық тіледі.