
ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында қызмет атқару жоғары біліктілікті, терең аналитикалық ойлауды, зор жауапкершілік пен заң талаптарын қатаң сақтауды талап етеді. Осындай қасиеттерді министрлік жүйесінде ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан білікті де білімді аяулы жандар өз ісімен дәлелдеп келеді. Атап айтқанда, олар қазынашылық қызметтен бастап кедендік рәсімдерді әкімшілендіру ісінде, ішкі мемлекеттік аудитті жүргізуде және мемлекеттік мүлікті басқаруға дейінгі маңызды бағыттардың барлығында табысты еңбек етіп жүр.
Бүгінде ведомствоның құрылымында жұмыс істеп жүрген әйел адамдар отандық қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жатыр. Бұрымдылардың кәсіби қарым-қабілеті, жауапкершілігі мен адалдығы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне оң әсер етіп келеді.
Осы ретте кәсіби әрі еңбек жолы толайым жетістіктерге толы, мемлекеттік қызметке деген адалдығы айқын қаржыгер әйелдер жайлы айтуды орынды деп санаймыз. Олардың көпшілігі өңірлерде еңбек етіп, бюджет ағындарын басқару, мемлекеттік аудитті жүргізу, мемлекеттік мүліктің тиімді пайдаланылуын бақылау және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттерді атқарып келеді.
Аталған мамандардың жұмысы жоғары кәсібилікпен қатар төзімділік пен берік ұстанымды талап етіп, сондай-ақ үлкен жауапкершілікті тұрады. Сонымен бірге олар отбасы құндылықтарын да қатар алып жүріп, бала тәрбиесі мен тұрмыстық міндеттерді үйлестіріп, қоғамға үлгі боларлықтай тұлға ретінде танылып отыр.
Қаржы жүйесіндегі 30 жыл: еселі еңбек, жемісті жетістік
ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Өтімділікті басқару басқармасының басшысы Бәтима Бейсенова Қазақстанның қаржы жүйесіне 30 жылдан астам уақытын арнаған тәжірибелі маман. Оның еңбек жолы 1990 жылы Көкшетау облысы Ленинград аудандық қаржы бөлімінде ревизор-инспектор қызметінен басталды. Кейінгі жылдары ол аудандық қаржы органдары мен қазынашылық жүйесінде түрлі жауапты қызметтер атқарып, басқарушылық лауазымдарға дейін көтерілді.
Көпжылдық адал еңбегі үшін Бәтима Бейсенова «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының қазынашылық қызметінің үздігі» және «Қазақстан Республикасының қаржы қызметінің үздігі» төсбелгілерімен, сондай-ақ Қаржы министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған.
Мемлекеттік қызметтегі 32 жыл
Шуга Садыкова Атырау облысы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде Заңды тұлғалармен жұмыс және мүлікті иелену бөліміне жетекшілік етеді. Оның жалпы еңбек өтілі – 41 жыл, оның ішінде 32 жыл мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. Ол аталған департаментте 2016 жылдан бері жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жыл жинақтан тәжірибесі оған мемлекеттік мүлікті басқаруға қатысты күрделі мәселелерді жылдам әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Әріптестері Ш.Садыкованы байсалды, ұстанымға берік және жауапкершілігі жоғары маман ретінде бағалайды.
Қазынашылықтан активтерді басқаруға дейінгі кәсіби жол
Алия Уалиева қаржы жүйесіндегі еңбек жолын 2008 жылы Текелі қалалық қазынашылық басқармасында жетекші маман ретінде бастаған. Бүгінде ол Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің Активтерді басқару бөлімін басқарып келеді.
Мемлекеттік қызметтегі 17 жыл ішінде ол төлемдермен жұмыс істеуден бастап мемлекеттік мүлікті басқару саласына дейінгі маңызды кезеңдерден өтті. Әріптестері оның іске деген жауапкершілігін, ұқыптылығын және әр мәселені жан-жақты зерттей білетінін ерекше атап өтті.
А.Уалиева «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Алматы облысы әкімінің және Мемлекеттік мүлік комитетінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
Сапаны бақылау – маңызды міндет
Қостанай облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің Жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің басшысы Замзагүл Сұлтангазинаның ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы еңбек өтілі 18 жылдан асады.
Ол еңбек жолын облыстық қазынашылық басқармасында жетекші маман ретінде бастап, уақыт өте келе түрлі құрылымдарда тәжірибе жинақтап, бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілді. Оның жетекшілігімен бөлім жыл сайын аудиторлық материалдардың сапасына ондаған тексеру жүргізеді. Мәселен, 2023 жылы – 216, 2024 жылы – 168, ал 2025 жылдың тоғыз айында 78 материал тексерілген.
Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін З.Сұлтангазина ҚР Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қостанай облысы әкімінің грамотасымен марапатталып, 2025 жылы «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Көпжылдық тәжірибе мен кәсібилік
Сәуле Садуакасова мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында үлкен тәжірибесі бар білікті маман. Қазір ол Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің Жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімін басқарып келеді.
Ол қызметтік міндеттерін жоғары деңгейде атқарып, әріптестері арасында әділдігі мен еңбекқорлығы үшін үлкен құрметке ие. Көпжылдық қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Мінсіз міндет пен кәсіби тәжірибе
Ұлжан Лайбекова мемлекеттік аудит жүйесінде 28 жылдан артық еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Қазіргі уақытта ол Жетісу облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің сәйкестік аудиті бөлімінде бас маман – мемлекеттік аудитор қызметін атқарып жүр.
1996 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқан Ұ.Лайбекова бюджеттік қаражаттың тиімді әрі заңды жұмсалуын бақылау бағытында табысты қызмет атқарып келеді. Оның кәсібилігі мен тәжірибесі аудит саласының дамуына елеулі үлес қосуда.
Мемлекеттік мүлікті басқарудағы жауапты қызмет
Раушан Онаева мемлекеттік мүлік және жекешелендіру саласында 2011 жылдан бері еңбек етеді. Бүгінде ол Астана қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып жүр.
Оның қызметіне мемлекеттік мүлікті басқару бойынша жұмысты ұйымдастыру, рәсімдердің сақталуын бақылау және түрлі бөлімдер арасындағы үйлесімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету кіреді. Әріптестері оны әділдік пен ашықтық қағидаттарын ұстанып, ұжымда жайлы жұмыс жағдайын қалыптастыра білетін білікті басшы ретінде құрметтейді.
Аталған нәзік жандылар – ауызбірлігі мығым Қаржы министрлігіндегі үлкен ұжымның бір бөлігі ғана. Олардың күнделікті еңбегі, парасаттылығы мен жауапкершілігі Қазақстанның қаржы жүйесінің орнықты дамуына оң әсер етіп келеді.
ҚР Қаржы министрлігінің ұжымы барша сұлу жанды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтайды!
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, отбасылық амандық және қызметте тың жетістіктерге жетуді тілейміз!