2026 жылы Қазақстанның мемлекеттік қазынашылық жүйесі қалай өзгереді

2026 жылы Қазақстанның мемлекеттік қазынашылық жүйесі қалай өзгереді

Қазақстанда жасанды интеллект элементтері енгізілген қазынашылық жүйенің жаңа архитектурасы енгізіледі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қазынашылық комитеті алқасының отырысында хабарланды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қазынашылық органдары республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің кассалық орындалуын 29,6 трлн теңге көлемінде, жергілікті бюджеттер бойынша – 18,2 трлн теңге көлемінде қамтамасыз етті. Мемқазынашылық органдарында 15 мыңнан астам клиентке қызмет көрсетіледі, 49,1 млн-нан астам қаржылық құжат өңделді, төлемге 12,2 млн шот және төлем тапсырмалары жүргізілді. Мемлекеттік міндеттемелердің жалпы сомасы 2,8 трлн теңгені құрайтын 1 317 МЖӘ шарты тіркелді.

Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі бюджетті атқарудың сервистік моделін жетілдіру болды. Қазынашылық бақылауды күшейту превентивті негізде жүзеге асырылды: жалпы сомасы 3,1 трлн теңгеге төлемдер бойынша 48,4 мың қаржылық құжат және 17 трлн теңге сомасына 435,9 мың төлем шоты қайтарылды.

Өтімділікті басқару шеңберінде алғаш ретреспубликалық бюджеттің кассалық алшақтықтарын жабу үшін жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарынан уақытша бос бюджет қаражатын тарту рәсімдері жүргізілді, жалпы сомасы 47 млрд теңгені құрады және қаражат толық әрі уақтылы қайтарылды. Сондай-ақ цифрлық теңгені пайдалану арқылы пилоттық жобалар бойынша Ұлттық банкпен өзара іс-қимыл белсенді түрде дамыды: жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге 28 транзакция жүргізілді, «Цифрлық ҚҚС» жобасын іске асыру жалғасуда.

Ақпараттық технологиялар саласында ISO 20022 халықаралық қаржылық хабарламалар стандартына көшу жүзеге асырылды, мемлекеттік деректер базаларымен интеграция қамтамасыз етілді және «Арнайы түсімдер» санаты енгізілген бюджеттің жаңа құрылымы іске қосылды.

2026 жылы Мемлекеттік қазынашылық комитетінің алдында мемлекеттік қаражатты жедел басқаруға бағытталған қазынашылық жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастыру бойынша ауқымды міндет тұр. Процестерді автоматтандыруға және бюджеттік ағындарды басқару сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект элементтерін қоса алғанда, заманауи әрі тиімді шешімдерді енгізу жоспарлануда. Цифрлық теңге форматында төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыруға, цифрлық шешімдер арқылы мониторинг, болжау және өтімділікті басқару құралдарын енгізуге, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдары үшін қашықтан қазынашылық қызмет көрсету сервистерін іске асыруға ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар, жаңғырту шеңберінде Тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу және төлемдерді жүргізу процестерін цифрлық трансформациялау жоспарлануда, оның ішінде «жасыл дәліз» қағидаты бойынша жалақыны автоматты түрде төлеу және бюджет кірісіне аударымдарды жүзеге асыру.