
ҚР Қаржы министрлігі Smart Data Finance аналитикалық-интеграциялық платформасының өнеркәсіптік мақсатта қолданысқа енгізілгені туралы хабарлайды. Аталған цифрлы жүйе мемлекеттік қаржы саласындағы көлемді деректерді шоғырландыруға, өңдеуге және кешенді талдау жасауға әзірленіп, басқарушылық шешімдер қабылдау үшін біртұтас аналитикалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Платформаны құру деректерді фрагментті өңдеу тәсілінен заманауи цифрлы құралдарға негізделген орталықтандырылған басқаруға көшуге мүмкіндік берді. Жоба аясында 74 мәлімет көзін біріктірген Big Data бірыңғай қоймасы жолға қойылды. Ал 12 сервис арқылы мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің және өзге де ұйымдардың 36 ақпараттық жүйесімен интеграция жасалды. Жүйеде жылжымайтын мүлікке, көлік құралдарына, жер учаскелеріне, үлескерлікке қатысты, сондай-ақ бағалы қағаздарға, валюталық бақылау шеңберіндегі халықаралық мәмілелерге, лицензиялар мен жеңілдіктерге, еңбек келісімшарттарына, нотариаттық іс-қимылдарға, мобильді аударымдар мен басқа да қаржы-экономикалық операциялар туралы деректерді қоса алғанда, салық төлеушілерге байланысты негізгі мәліметтер жинақталады. Осы амал салықтық әкімшілендіру және тәуекелдерді басқару бағытында белсенді түрде пайдаланылатын мүдделесу (аффилирлену) мен өзара байланыстарды айқындап, кез келген жеке және заңды тұлғаға қатысты кешенді цифрлы құжаттаманы (досье) қалыптастыруға септігін тигізді.
Платформа 84 модульден тұратын 9 функционалды ішкі жүйені қамтиды және жергілікті салықтар, төлемдер мен алымдар, алдын ала толтыру, талдау және есеп беру, сыртқы сауда статистикасы, ахуал мониторингі, камералды бақылау және хабарландыру бағыттарынан тұрады. Жұмыс процесінде Big Data технологиялары, жасанды интеллект және машиналық оқыту, сондай-ақ салық міндеттемелерін есептеу үшін болжамды талдау құралдары қолданылады.
Smart Data Finance ай сайын шамамен 500 аналитикалық есепті қалыптастырып, олар іс жүзінде нақты уақыт режімінде дайындалатынын айта кеткен орынды. Тың жобаға сәйкес салықтық әкімшілендіру, тәуекел-менеджмент және ведомствоаралық өзара іс-қимыл саласындағы көрсеткіштерді жедел талдауға және басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік беретін деректерді визуализациялаудың заманауи құралдары қарастырылған.
Жүйені пайдалану нәтижелеріне сүйенсек, салық жинаудың ұлғаюы, міндеттемелерді ерікті түрде орындау үлесінің артуы, бақылау жұмысының тиімділігі өскені және әкімшілендірудің операциялық шығындарының төмендегені байқалды. Деректерді орталықтандыру және талдау негізінде басқаруға көшу бюджет процесінің ашықтығын арттыруға және мемлекеттік қаржы жүйесінің орнықты дамуына жол ашады.
Жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қосу платформаны одан әрі дамытудың басым бағыттардың бірі ретінде көзделген. Қаржы министрлігі мемлекеттік басқарудың тиімділігін, ашықтығын мен заман талабына сай сапасын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік қаржы саласының бірізді цифрлы трансформация жалғастырады.