
ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озханмен кездесті.
Кездесу барысында Хусейн Озхан екіжақты ынтымақтастық көрсеткіштері туралы хабардар етті: қазір ЕҚДБ-ның Қазақстандағы портфелі экономиканың түрлі салаларында жалпы сомасы 3,2 млрд доллардан асатын 125 жобаны қамтиды.
Мәди Төкешұлы аталған банкімен өзара байланыстың жоғары маңыздылығын жеткізіп, ұйымның инвестицияларды тарту және еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі бастамаларды іске асыруға қосқан үлесін оң бағалады.
Өз кезегінде Х.Озхан Қазақстанның Орталық Азиядағы ЕҚДБ-ның негізгі серіктесі ретіндегі айрықша рөлін атап, қаржы институтының экономиканың орнықты дамуына әсер ететін стратегиялық жобаларды қолдауды жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін, сондай-ақ еліміздің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық өсімін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру үшін айтарлықтай перспективалы бағыттарды атап өтті.