PEFA бағалауы: Қазақстан мемлекеттік қаржы саласын басқарудағы көрсеткіштердің 55% жақсартты

PEFA бағалауы: Қазақстан мемлекеттік қаржы саласын басқарудағы көрсеткіштердің 55% жақсартты

Қазақстан PEFA (Public Expenditure and Financial Accountability) халықаралық жүйесіне сәйкес 31 бағыттың 17 бойынша өз нәтижелерін жақсартты. Аталған жүйе мемлекеттік қаржы саласына «диагностика» жасаудың халықаралық стандарты болып саналады. Бұл жөнінде «Мемлекеттік шығыстар мен қаржылық есептілікті бағалау (pefa)» есебін ұсынуға арналған дөңгелек үстелде айытылды. Іс-шараға ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Наджи Бенхасин және Қазақстандағы Азия Даму Банкі (АДБ) өкілдігінің директоры Утсав Кумар қатысты.

Бұл ретте ҚР Үкіметі Дүниежүзілік банк пен АДБ қолдауымен мемлекеттік шығыстарды тиімді басқару мен қаржылық есептілікті (PEFA) бағалауды аяқтағанын айта кетейік. Оның мақсаты – халықаралық стандарттарға сәйкес бюджет процесінің тиімділігін, ашықтық деңгейін, есептілік пен мемлекеттік ресурстарды пайдалану нәтижесін объективті түрде көрсету.

Осыған дейінгі (2018 жылғы) бағалаумен салыстырғанда Қазақстан айтарлықтай жетістікке жеткен. Айталық, жоғары «А» санатына сәйкес бағалау көрсеткішінің үлесі 16%-дан 39%-ға дейін артқан. Ал индикаторлардың 94%-на базалық «С» деңгей мен одан да жоғары балл берілген.

«Қазақстанның 2018 жылдан кейінгі қарқынды дамуы мемлекеттік қаржыны басқаруда жауапкершіліктің күшейгенін көрсетеді», деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Наджи Бенхасин. «Реформалардың келесі кезеңі мемлекеттік қаржыны басқарудың елдік стратегиясын жаңарту кезінде осы бағалаудың нәтижелерін, оның ішінде климаттық өлшеуді пайдалануды көздейді, бұл мемлекеттік шығыстардың тиімділігін және олардың азаматтар үшін қайтарымын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді», деп нақтылады ДБ өкілі.

Осы бағалаудың аясында жүйенің негізгі компоненттеріне талдау жасалғанын айта кетейік. Оның ішінде бюджетті жоспарлау мен орындау, кірістер мен шығыстарды басқару, мемлекеттік сатып алу, ішкі және сыртқы аудит, сондай-ақ фискалды ашықтық пен қаржы есептілігі қамтылды.

Бұдан бөлек фискалды тәртіпті нығайту, бюджеттің тиімді орындалуы және кірістерді ашық басқару саласында атқарылған жұмыс оң бағаланды. Сонымен бірге ресурстарды стратегиялық тұрғыда бөлуге баса мән беріліпті. Халықаралық сарапшылар ортамерзімді бюджеттеу мен стратегиялық жоспарлар арасындағы өзара байланыстың жақсарғанын, сондай-ақ қаражатты бөлу кезінде тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің (KPI) рөлі күшейтілгенін жеткізді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ішкі бақылау және аудит жүйесі қаржылық нормаларды сақтай отырып, барлық мемлекеттік шығысты қамтып отыр.

«Бұл бағалау Қазақстанның мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінің ашықтығы мен есептілігін бірізді түрде күшейтіп келе жатқанын көрсетті. Сонымен қатар сатып алудағы бәсекелестікті арттырып, мемлекеттік қарызды басқаруды жетілдіру мен ақпарат қолжетімділігін кеңейтуді қоса алғанда, жақсартуды қажет ететін бағыттар да жоқ емес. Мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімді жүйесі елдің тұрақтылығын нығайтады: ашық саясат азаматтарға жүйені түсінікті етіп, есептілік сенімділікті арттырады. Ал реформалардың орнықтылығы олардың ұзақмерзімді әсерін арттырады», деді АДБ Портфельді сатып алу және мемлекеттік қаржыны басқару департаментінің директоры Рут Фаррант.

Тағы бір маңызды жетістердің бірі – еліміздің тарихында алғаш рет климаттық компоненті қамтитын PEFA (PEFA+Климат) бағалауы жүргізілді. Бұл Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу мен халықаралық міндеттемелерді орындауға бейілділігін растайды. Аталған жұмысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүргізетінін атап өткен орынды.

«Қазақстан жаһандағы құбылмалы ахуалға қарамастан макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік қаржы жүйесін тиімді басқару бағытындағы жұмысты жалғастырады. Біздің негізгі басымдығымыз – ашық қаржы жүйесі арқылы халықаралық беделді одан әрі нығайту, кредиттік рейтингті жақсарту, инвесторлардың сенімін арттыру және экономиканың өсімі үшін ұзақмерзімді кезеңге инвестиция тарту. Осы реформалар азаматтардың әл-ауқатына және мемлекетіміздің орнықты дамуына әсер ететіні күмәніз», деді М.Такиев.

PEFA халықаралық бағалау тәсілі – мемлекеттік қаржы жүйесіндегі артықшылықтар мен кемшіліктерге талдау жасап, резервтерді анықтауға арналған тәуелсіз құрал. Оның нәтижелері даму көрсеткіштерін нығайта түсу үшін нақты нұсқаулар беруді көздейді.