Көкшетауда Kokshe Arena әмбебап спорт кешені ашылды

Көкшетауда Kokshe Arena әмбебап спорт кешені ашылды

Көкшетауда Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешені халық игілігіне берілді. Аталған нысан заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару шеңберінде құрылған Арнаулы мемлекеттік қордағы қаражаттың есебінен салынған айта кетейік. Жаңа кешеннің ашылуына ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, ҚР Бас прокуроры Берік Асылов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, World Boxing халықаралық бокс федерациясының президенті Геннадий Головкин және аралас жекпе-жектен UFC жауынгері Шавқат Рахмонов қатысты.

Мәди Төкешұлы айтқандай, бұл жоба мемлекетке қайтарылған қаражаттың іс жүзінде қалай тиімді пайдалануға болатынын көрсетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестен түскен ақша қазір осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалып келеді.

Заманауи мультимедиялық жабдықтармен жарақталған Kokshe Arena спорт кешенінде 650 адамға шақталған зал қарастырылған. Сондай-ақ мұнда жарға өрмелеу алаңы мен өртке қарсы қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнаралы әмбебап спорт залы, сол секілді олимпиадалық стандарттар бойынша жабдықталған бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфитке арналған мамандандырылған залдар бар.

Кешен қимыл-қозғалысы төмен осал топтарға кіретін азаматтарға толығымен қолжетімді. Ғимараттың шекті сыйымдылығы шамамен – 1000 адам.

Бұл ретте Kokshe Arena Ақмола облысында қайтарылған активтердің есебінен салынған екінші спорт нысаны екенін айта кеткен орынды. Арнаулы қордағы қаражат арқылы өңірде тұтастай 42 әлеуметтік нысанды салу жоспарланған. Жаңа кешен жаттығуға, бұқаралық спортпен шұғылдануға және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толығымен сай. Жаңа кешен облыстағы саламатты өмірдің негізгі орталықтардың біріне айналатыны күмәнсіз.