
Қоғамдық кеңес отырысында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды. Іс-шараға кеңестің төрағасы мен мүшелері, салалық ҮЕҰ, министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволарының басшылары қатысты.
Басқосуда салықтық әкімшілендіруді цифрландыру мәселелері мен комитеттің ақпарат жүйелеріне жүргізілген IT-аудиттің нәтижелері қаралды.
Комитет төрағасының орынбасары Әнуар Сүлейменов 2024 жылы ведомствоның барлық ақпарат жүйесіне тәуелсіз IT-аудит жүргізілгенін және олардың архитектурасы қалыптастырылғанын айтты. Ол 5 платформадан тұрады: Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі, Smart Data Finance, Keden, Электрондық шот-фактуралар және Тәуекелдерді басқару жүйесі. Сондай-ақ ол осы ақпараттық архитектура салықтық әкімшілендірудің толықтай цифрландырылуын қамтамасыз ететінін атап өтті.
Бұдан бөлек қоғам өкілдері 2023-2025 жылдарға арналған экономика секторлары бөлінісінде берілетін трансферттердің серпінін қарастырды. Айталық, Қаржы министрлігі Есеп беру және статистика департаментінің директоры Гүлназ Айсина мемлекет жыл сайын берілетін субвенциялар көлемін ұлғайта отырып, өңірлерге қолдау көрсететінін атап өтті. Бұдан басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жедел әрекет ету үшін Үкімет резервінен өңірлерге шұғыл шығындарға қаражат бөлінетіні айтылды.
Қоғамдық кеңес мүшелері министрлікке азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын жеңілдету үшін цифрлы қызметтер мен ЖИ енгізуді жалғастыруды ұсынды.