Қазақстанда сын-қатерді дер кезінде анықтап, кез келген кемшілікті қашықтан бұғаттауға септесетін мемлекеттік аудиттің превентивті цифрлы моделі енгізіліп келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров айтты.
Талдаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу, мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау және нақты уақыт режімінде мониторинг жүргізу үшін жасанды интеллект алгоритмдерін пайдалану ведомствоның стратегиясына айналды. «Мемлекеттік жоспарлау» жүйесіндегі жаңа онлайн-бюджеттік мониторинг есебінен бюджет бекітілгенге дейін 2026-2028 жылдарға арналған сомасы 1,5 трлн теңге болатын шығыстарды негізсіз жоспарлау анықталып, жолы кесілді.
Е.Мыңжасаров айтқандай, министрліктің цифрлы шешімдері әлеуметтік салада 1,4 млрд теңгеге жалақы төлеу кезінде алаяқтық схемаларды әшкерелеуге септігін тигізді. Автоматтандырылған мониторинг тәсілі білім беру саласында жалақыны есептеу түріндегі ақша жымқыру деректерін жүйелі түрде жоюға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік сатып алуды бақылау шеңберінде биыл онлайн-мониторингпен 1,1 трлн теңгеге 5 мыңға жуық төлем қамтылды. Оның ішінде 184,2 млрд теңгеге 694 тәуекел аударымы анықталды. Аудит нәтижелері бойынша 59,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар тіркеліп, қызмет көрсетушілерге (жеткізушілерге) 237 млн теңгеден астам сомаға тұрақсыздық айыбы салынды.
2021 жылдан бастап толық енгізілген электронды аудит өз тиімділігін көрсетті. Бұл тетік іске қосылған сәттен бастап 804 аудиторлық іс-шара қашықтан өткізіліп, 120 млрд теңгеден астам сомаға кемшіліктер әшкере болды. Аталған жүйе адам факторының алдын алып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтты және бір аудиторға жұмсалатын іссапар шығынын шамамен 4,5 есе азайтты.
Қолға алынған жұмыстың тиімді модельдері халықаралық деңгейде атап өтілді. Айталық, PEMPAL ішкі аудиторлар қауымдастығы цифрландырудың қазақстандық тәжірибесін жоғары бағалады. Комитеттің «Ішкі аудиттің тиімділігі» көрсеткіші бойынша қызметі Дүниежүзілік және Азиялық даму банктерінің сарапшылары тарапынан максималды «А» бағасына ие болды.
«Алдымызға қойылған ауқымды міндеттердің бірі комитеттің аудиторлық қызметін толықтай цифрлы форматқа ауыстыру. Бұл мемлекеттік қаражаттың қозғалысын үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл Мемлекет басшысының тапсырмасына толық сай келеді. Біздің мақсатымыз - мемлекеттік органдардың жұмысын барынша ашық әрі тиімді ету», деп қорытындылады ІМАК төрағасы.