
Қаржы министрлігінің өкілдері салық міндеттемелерін орындауды жеңілдететін салық және кедендік әкімшілендірудің тың тәсілдері туралы айтып берді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – бақылау тәсілінен сервистік қызметке ауысу, жазалау шараларының алдын алуға мән беру, сондай-ақ адал салық төлеушілерге барынша жайлы жағдай жасау. Осы және өзге де жаңашылдықтар жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеткізді.
Негізгі реформалардың бірі ретінде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және микробизнеске арналған «таза парақ» тәсілін айтуға болады. Осы арқылы 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарызды өтеу кезінде өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылып, алдыңғы кезеңдер бойынша салық тексерулері жойылады, сондай-ақ компанияларды тарату рәсімі айтарлықтай жеңілдей түседі.
Ержан Біржановтың айтуынша, есеп беру жүйесі де айтарлықтай оңтайлы болады. Мәселен, декларацияларды уақтылы тапсырмағаны үшін айыппұл салынбайды. Егер де құжат өткізілмесе, ол автоматты түрде нөлге теңеледі. Көлік салығының есептерін қоса алғанда, тапсырылатын есептердің ескірген нысандары (формалары) алынып тасталды. Міндеттемесі аз бизнес (1 млн теңгеге дейін) мүлік пен жерге салынатын салыққа қатысты тоқсан сайынғы төлемдерден босатылады. Енді жыл қорытындысы бойынша тек бір рет қана төлем жасалады.
Өндіріп алу рәсімдерін қолдану шегі көтерілді. Мысалы, белгілі бір тұлғаның 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейінгі мөлшерде қарызы болған жағдайда оның шоттары бұғатталмайды, тек хабарлама жіберіледі. Мүлікке тыйым салу сияқты шаралар тек айтарлықтай әрі «созылмалы» қарыздар болған жағдайда ғана қолданылады.
ҚҚС саласында «автоматтандырылған бақылау» жүйесі енгізіліп келеді: электрондық шот-фактураны ҚҚС шамадан асып кеткен жағдайда ғана жазуға болады. Бұл біркүндік фирмалармен күресуге бағытталып, ҚҚС оңтайландырылған қайтару процедурасын едәуір жылдамдатады – 15 жұмыс күніне дейін.
Қаржы министрлігі цифрландыруға ерекше назар аударып келеді. Қазір жеті түрлі жүйені біріктірген СӘИЖ бірыңғай ақпарат жүйесі іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұл төлемдерді өңдеу уақытын 15 минуттан 1 минутқа дейін үнемдеуге септесті. Smart Data Finance (SDF) үлкен деректер платформасы тәуекелдерді дәл бағалау мен болжау үшін 74 көзден алынған ақпаратқа талдауға жасауға қауқарлы. Салық төлеушілер үшін ЖИ көмекшісі мен есептілікті алдын ала толтыру жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Азаматтар үшін банкроттық рәсімі жеңілдей түседі: ескі берешектер бойынша қарыздарды алдын ала реттеу туралы талап жойылып, себебін түсіндірмей рәсімді тоқтату құқығы жолға қойылады. Бұл көптеген адамға қарыздан құтылып, қаржылық жағдайын реттеуге мүмкіндік береді.
«Бұл қолға алынған жұмыс фискалды қатынастардың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Әлбетте, ол ашық, болжамды және ыңғайлы болуы керек. Бұл кәсіпкерлерге өз ісін дамытып, ал мемлекетке – экономикалық белсенділіктің өсімі есебінен тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етуге жол ашады», деп түйіндеді Е.Біржанов.