ҚР ҚМ: Қазақстан бюджетінің әлеуметтік бағдары сақталып, экономиканы дамытуға баса мән берілген

ҚР ҚМ: Қазақстан бюджетінің әлеуметтік бағдары сақталып, экономиканы дамытуға баса мән берілген

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы таныстырылды. Аталған құжатты әзірлеу кезінде стратегиялық бағдарларға, мемлекеттік міндеттер мен әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтарына айрықша мән берілді.

 

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, бюджет жобасы Сенат комитеттері мен жұмыс топтарында кеңінен талқыланды. Бірлескен жұмыс қорытындысы бойынша бірінші кезектегі шығыстарға қосымша қаражат қайта бөлінді. Мәселен, инфрақұрылымдық жобаларды қоса алғанда, өңірлерді дамытуға 28,5 млрд теңге және көлік логистикасын нығайтуға 57,7 млрд теңге бағытталды. Бұл шаралар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және еліміздің транзит әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Осы ретте заң жобасы жаңа Бюджет кодексіне сәйкес алғаш рет дайындалғанын айта кеткен орынды. Мәселен, жүйелі өзгерістер енгізілді: стратегиялық және ортамерзімді жоспарлау, шығыстардың тиімділігін бағалау үшін міндетті бюджеттік шолу, сондай-ақ инвестициялық тәртіпке көшу көзделген. Енді кез келген жоба әлеуметтік-экономикалық әсер мен сын-қатер талдауынан өткізілетін болады.

Бюджеттің әлеуметтік бағдары сақталып отыр. Айталық, әлеуметтік салаға 2026 жылы 10,8 трлн теңге қарастырылған, оның 6,8 трлн теңгесі – әлеуметтік төлемдер, ал 4 трлн теңге адами капиталды дамытуға бағытталған. Реформаға сәйкес жәрдемақы төлемдерін цифрландыру, МӘМС пакетін кеңейтіп, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды оңтайландыру, сондай-ақ мәдениет мекемелерінің қаржылық дербестігін арттыру қарастырылған.

Инфрақұрылымды, базалық салаларды, аграрлық секторды, өнеркәсіпті қаржыландыру, сондай-ақ бизнесті қолдау шараларын қоса алғанда, нақты секторды дамытуға 3,6 трлн теңге жоспарланған. Ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға ерекше назар аударылған: күштік құрылымдарға 2026 жылы 3,1 трлн теңге немесе ІЖӨ шаққанда 1% мөлшерінде қаржылай сома аударылады.

Қаржы министрінің орынбасары айтқандай, Парламент пен министрліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде бюджетте мемлекеттік қызметтердің сапасына нұқсан келтірілмей, 68 млрд теңге оңтайландырылды. Әкімшілік шығыстардың үлесі 15% 12% дейін азайтылды. Бюджеттің өлшемдері әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, экономикалық өсімді ынталандыру мен инвестициялар тартуға жайлы жағдай жасап, жол ашады.