Қаржы министрлігі салық нормаларын алдын ала түсіндіретін жүйені енгізуді қолға алды

Қаржы министрлігі салық нормаларын алдын ала түсіндіретін жүйені енгізуді қолға алды

ҚР Парламенті Мәжілісінде салық рулингі жүйесін енгізуге арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл тетік бизнеске мәміле жасамас бұрын салық міндеттемелері бойынша ресми түсініктеме алуға мүмкіндік береді.

ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтқандай, бұл жүйе компанияларға жоспарланған операцияларды алдын ала талдап, салық органдарынан ресми түсініктемелер алуға көмектеседі.

«Мысалы, белгілі бір компания тауарларды жеткізуге байланысты келісімшартқа отыруды жоспарласа, ол қандай режімде салық төлеп, есеп жүргізетінін алдын ала нақтылай алады. Мемлекеттік органның мамандары осындай болжамды міндеттемелер бойынша жауап беруге міндетті», деді Қаржы министрінің орынбасары. 

Тың тетік жаңартылған Салық кодексі шеңберінде көлденең мониторинг форматында іске асырылды. Бұл амал салық төлеушілерге өз қызметі туралы мәліметті толықтай ашық етуге, ал салық органдарына операцияларды объективті бағалап, сын-қатерді азайтуға жол ашады. Осы ретте қазір көлденең мониторинг бойынша қанатқақты жоба іске асырылып, оған 25 ірі компания қатысып жатқанын айта кетейік.

Дөңгелек үстелге жиналған азаматтар мониторингтің аталған түрі ашықтықты қамтамасыз етіп, әкімшілік жүктемені азайту мен салық дауларының алдын алуға септесетінін айтты. Вице-министр әзірше барлық салық төлеушіге алдын-ала түсіндіру тетігін қолдану орынсыз екенін жеткізді. Бұл операцияларды егжей-тегжейлі талдау қажеттілігіне, салық тәртібіне қойылатын жоғары талаптар мен фискалды органдардың шамадан тыс жүктелу қаупіне байланысты.

Қаржы министрлігі жаңа тәсілге қолжетімділікті кеңейту үшін жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар қарастырылған деректер базасын құруды қолға алды.

«Былтыр 400 мыңға жуық салық төлеуші ҚР Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге өтініш білдірді. Біз жасанды интеллект элементтері бар іздеу жүйесін әзірлеп жатырмыз. Онда қарапайым сұрақтар қойып, қажетті жауап алуға болады», деді Е.Біржанов.