
ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің ресми атауын қайта тіркеу аяқталғаны туралы хабарлайды. Ведомствоның жаңа атауы – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қазынашылық комитеті. Бұл бюджет процестерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған реформалардың бірі.
Бұл өзгеріс құзырлы органның мемлекеттік қаржы саласын басқарудағы маңызды рөлі мен оның мәртебесінің өскенін байқатады. Осы ретте комитеттің атауын жаңартуға қосымша бюджет қаражаты бөлінбегенін, сондай-ақ қызметкерлердің санын ұлғайту қарастырылмағанын айта кетейік.
Ведомствоның атын өзгерту биыл 15 наурыздан бастап қолданысқа енгізілген ҚР Бюджет кодексінің (№171-VII) ережелерінде қарастырылған және Мемлекет басшысының 2022 жылғы 10 қыркүйектегі №1005 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының 2030 жылға дейінгі талаптарына сәйкес келеді.
Бұл шешім ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 3 қазандағы №565 бұйрығымен бекітіліп, соған сәйкес бұған дейін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрінің 2019 жылғы желтоқсанда бекіткен комитет туралы ережесіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.