Цифрлы экожүйе – мемлекеттік қаржы жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттырады

Цифрлы экожүйе – мемлекеттік қаржы жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттырады

ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мемлекеттік қаржы саласын цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы айтып берді. Бұл ведомствоның қызметіндегі барлық бағытты қамтиды: салық пен кедендік әкімшілендіруден бастап, бюджетті жоспарлау, сондай-ақ мониторинг пен мемлекеттік активтерді басқаруға дейін.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық ақпарат жүйесіне тәуелсіз IT-аудит жүргізілді. Нәтижесінде жаңа ақпараттық архитектура қалыптастырылып, 14 жүйе 5 негізгі платформаға дейін азайтылды: Оның ішінде Smart Data Finance (SDF), Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ), Тәуекелдерді басқару жүйесі, Электронды шот-фактуралар және Keden АЖ бар. Осы қадам заманауи шағын сервистік архитектураға көшуге, өнімділікті арттыруға және жасанды интеллект құралдарын енгізуге мүмкіндік берді.

Айталық, Smart Data Finance  цифрландырудың негізгі орталық элементтерінің бірі. Ол 74 дереккөзден алынған ақпаратты бірыңғай жүйеге біріктірген мемлекеттік қаржы саласының талдау орталығы болып саналады. Платформа салықтық процестерді автоматтандыруға, қағаз жүзіндегі құжат айналымын азайтуға және жасанды интеллект арқылы кірістерге болжам жасауға жол ашады.

Ал былтыр сәуір айынан бастап Keden ақпарат жүйесін енгізу басталды. Ол осыған дейін қолданыста болған «АСТАНА-1», «Бірыңғай терезе» және Кедендік автоматтандырылған ақпарат жүйесін алмастырды. Тың жүйе кедендік рәсімдеудің барлық кезеңін автоматтандырып, кез келген кемшілікті онлайн режімде тіркейді және белгілі бір шешімді қабылдауда оған жасанды интеллект қолғабыс етеді. Жақын арада «Импорт-40» ақырғы модулін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына рәсімдерді жеңілдетіп, процестердің ашықтығын арттырады.

Қаржы жүйесінің цифрлы трансформациясындағы тағы бір маңызды жобалардың бірі – «Тауарлардың ұлттық каталогы» мемлекеттік деректер базасы. Ол бұған дейін дербес жұмыс істеп келген анықтамалықтар мен жіктегіштерді бір жүйеге интеграциялайды. Бүгінде каталогта 15 млн астам тауар туралы ақпарат бар. Осының аясында Бағалар деректер базасы құрылып, аталған өнім бюджетті жоспарлауда қолданылып, нақты нарықтағы деректердің есебінен қаражатты үнемдеуге септігін тигізеді.

Бизнеске қолдау көрсету бағытында да айтарлықтай оң өзгерістер бар. Мәселен, Baqylauda жүйесі мемлекеттік қолдау шараларына мониторинг жүргізіп, талдау жасауды қамтамасыз етеді. Салық жүйелерімен интеграция жасау арқылы кәсіпкерлердің қызметін скорингтік бағалау тетігі енгізіліп, бұл субсидиялар мен жеңілдіктердің тиімділігін әділ бағалауға жол ашты.

Бұдан басқа мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану мақсатында Tapsyru электронды порталы іске қосылды. Бұл технология мемлекеттік ұйымдар арасында пайдаланылмай жатқан активтерді онлайн форматта беруді қамтамасыз етеді. Қазір жүйеге 23,9 мыңнан астам ұйым қосылған, ал деректер базасында шамамен 20 млн нысан туралы ақпарат бар. Бұл қайталанатын сатыпалымдардың алдын алып, бюджет қаражатын үнемдеуге оң әсер етеді.

Сонымен қатар бюджет процестерінің ашықтығын арттыру үшін Онлайн бюджеттік мониторинг және Мемлекеттік органның цифрлы бейіні жүйелері енгізілді. Аталған цифрлы өнімдердің нақты уақыт режімінде кіріс пен шығысты, несиелеу мен қаржылық тәртіпті бақылауда артықшылығы көп. Өйткені жасанды интеллект элементтері бюджет көрсеткіштерін 95% дәл болжауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» жобасы іске асырылып келеді. Бұл Қаржы министрлігінің барлық цифрлы сервисін біріктіретін бірыңғай платформа. Аталған тетік арқылы кәсіпкерлер салық және кеден есебін тапсыра алады. Мемлекеттік сатыпалымға қатысып, салығын төлеп, хабарламалар алады. Бұған қоса мұнда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бизнес-көмекші проактивті түрде мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдетілген бағдарламаларды ұсынатын болады.

Осы ретте Қаржы министрлігі қолға алған мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы экожүйесі бюджет қаражатын тиімді пайдалануға септесіп, ашықтық пен болжамдылықты арттырып, азаматтар мен бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтетінін айта кетейік.