
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырманы орындау мақсатында ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы картасын әзірлеуді қолға алды.
Жоба мемлекеттік қаржы саласын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілендіру жүйесінде талдау тәсілін дамытуға бағытталған.
Мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы картасы Қаржы министрлігінің Ахуал орталығы шеңберінде қалыптастырылатын барлық қаржы көрсеткішін визуализациялаудың заманауи тетігі. Тиісті мәліметтер Қазақстанның картасындағы географиялық координаттармен байланыстырылған картографиялық қабаттардың векторлық жиынтығы түрінде көрсетіліп тұрады. Бұл министрлік пен ведомстволық бағынышты органдардың қызметкерлеріне басқару шешімдерін жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Аталған картада барлық салық төлеуші туралы локациялық ақпарат қамтылады: ЖК, заңды тұлғалар. Қазір картада 2,5 млн жуық ұйым визуализацияланған. Бақылау-кассалық машиналар бөлек орналастырылған. Картадан шамамен 1,4 млн кассаны байқауға болады. Сондай-ақ «чектер» опциясы іске қосылып, онда онлайн режімде әр чекті туралы мәліметтерді көру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тәсіл сауда-саттық динамикасын дәл бақылауға мүмкіндік береді. 2025 жылдың басынан бастап чек көлемі 3,9 млрд-қа жетіп, жалпы қаражат айналым 40,5 трлн теңгеден асты.
Ақпаратты бір кеңістікте біріктіру арқылы жүйе кез келген нысанның табысын анықтауға қауқарлы: белгілі бір ғимараттан бастап бүкіл өңірге немесе елге дейін.
Картадағы мәліметтерді визуализациялаудың қарапайым әдісі қандай да бір ауытқушылықтарға уақтылы жауап беруге септеседі. Осы мақсатта тапсырыстарды қалыптастыру мен тауарлық талдауды қоса алғанда, одан әрі талдау жүргізуге мүмкіндік беретін тәуекелдерді анықтау бойынша арнайы опция жолға қойылды.
Айталық, талдау барысында чектер дұрыс қалыптастырылмайтыны анықталды. Бұл есеп жүргізу мәдениетінің кенжелеп тұрғанын көрсетеді. Осыған байланысты Қаржы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік деректер базасын құру жөніндегі жоба – Тауарлардың ұлттық каталогын жүзеге асырып келеді. Аталған жүйе ақпараттың сенімділігі мен ашықтығын арттырады.
Келесі кезеңде тауарлық және кедендік талдау, бюджеттік кредиттер, отандық тауар өндірушілер, жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ жылжымалы және жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері бойынша деректердің көрсеткіштерін кеңейту жоспарланып отыр. Барлық ақпарат аудандар, қалалар, облыстар және жалпы республика бойынша жіктеліп жинақталатын болады.
Болжанып отырған нәтиже:
«Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» жобасы мемлекеттік басқаруды цифрлы трансформациялаудағы маңызды қадам. Оның көмегімен ұлттық ресурстарды басқарудың тиімділігі жақсара түседі.