Әдеп пен жауапкершілік – Қаржы министрлігінде азаматтардың өтініштерін сапалы қараудың кепілі

Әдеп пен жауапкершілік – Қаржы министрлігінде азаматтардың өтініштерін сапалы қараудың кепілі

Министрлікте азаматтармен өзара байланыс орнатып, халықтың өтініштерін сапалы өңдеуге баса мән берілген. Ведомство қаржы жүйесіне деген сенімді нығайту мен ашықтықты арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп келеді. Қазақстандықтардың тарапынан жолданатын кез келген сауал – қызметті жақсартып, қолданыстағы тетіктерді жетілдірудің мүмкіндігі.

Мұның дәлелі ретінде халықтың берілген жауаптарға қанағаттану көрсеткішінің 3,2 балдан 4,2 балға дейін артқанын айтуға болады. Бұл келіп түскен мәселелерді уақтылы шешумен бірге халықпен арадағы коммуникация сапасының жақсарғанын байқатады.

Қазір ведомствода жауаптарды уақтылы ұсынудан бөлек, азаматтармен өзара іс-қимыл жүйесін жақсарту арқылы жалпы өтініштерді азайтуға байланысты жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта әр комитет пен департамент бойынша тиімділіктің нақты көрсеткіштері қарастырылған жоспар кестесі бекітілді, интерактивті дашбордтардың көмегімен өтініштерге онлайн-мониторинг тетігі енгізіледі, сондай-ақ министрліктің МКК жанындағы байланыс орталығының жұмысы күшейтілмек. Бұл операторлар арасында жүктемені біркелкі бөліп, олардың біліктілігін арттыру мен азаматтармен қарым-қатынас сапасын жақсартуға жол ашады.

ҚР ҚМ-де азаматтармен жұмыс сапасын арттыруға да ерекше ден қойылған. Қызмет әдебі мен жауапкершілік – осы процестің темірқазығы болып саналады. Ресми сауалдарға жылдам жауап қайтарумен қатар әр өтінішті ықыласпен қарап, ізгілік таныту аса маңызды.

Азаматтар мен ұйымдардан келіп түсетін әр өтініш министрлікте объективті түрде әрі өтініш берушіге құрмет көрсетіліп қаралады. Қызметкерлер сыпайы және мәдениетті қарым-қатынас жасауға, қиын сәттерде сабырлық сақтап, сол секілді іс-әрекет тәртібін сауатты түсіндіру мен заңды шешімдер қабылдауды қатаң ұстанады. Бұған қоса жеке деректерді қорғауға және ақпарат құпиялығын сақтауға ерекше назар аударылған.

Әлбетте, мейірімділік, әділдік пен төзімділік танытып, кез келген жанжалға сабырлы түрде жауап беріп, тиімді қатынас жасау маңыздылығы орасан. Азаматтардың өтінішін мұқият тыңдау, мәселені тез шешуге септесу, белгіленген тәртіпті түсіндіру және түрлі жағдайларға тез бейімделу – аса қажетті дағдылардың бірі.

Қызмет әдебі мен жауапкершілік қағидаттарын сақтау азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға және әр өтініш берушіге ашықтық, әділдік пен өзара құрметке негізделген мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға әсер етеді.