2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет: Тұрақтылық, даму және әлеуметтік бағдар басты назарда

2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет: Тұрақтылық, даму және әлеуметтік бағдар басты назарда

ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев Парламент Мәжілісінде «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырды. Ведомство басшысы айтқандай, биыл бюджетті қалыптастыру жаңа Бюджет кодексі шеңберінде жүргізілді.

Үкімет пен Парламенттің бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірлерді дамыту мен негізгі бағыттарға баса мән беріліп, бюджет қаражаты қайта құрылымдалды. Мәселен, 30 млрд теңге инфрақұрылымдық жобаларға, 4 млрд теңге – бірінші кезектегі шығыстарды қамтамасыз етуге, ал 1,4 трлн теңге – орнықты экономикалық өсімге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін стратегиялық бастамаларды іске асыруға бағытталды.

Алғаш рет бюджеттің шығыстарына шолу жасалды. Мысалы, мемлекеттік органдардың шартсыз базалық шығындары қайта қаралып, бұл 68 млрд теңгені оңтайландыруға мүмкіндік берді. Қазіргі әкімшілік шығыстардың үлесі 15 пайыздан 12,3 пайызға дейін азайды. Бұл оларды даму бюджетіне қайта бағыттауға септігін тигізді.

Депутаттардың тарапынан ұсынылған түзетулерді ескеріп, бюджет жобасының өлшемі келесідей қалыптасты: 2026 жылы түсімдер 23,1 трлн теңге деңгейінде болжанып, оның ішінде кірістер мөлшері – 19,2 трлн теңге. 2025 жылмен салыстырғанда кіріс көлемі экономикалық өсім, жаңа Салық кодексін енгізу мен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 3,6 трлн теңгеге ұлғаяды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығына жол ашады.

Бюджет шығыстары 27,8 трлн теңгеге артады. Аталған көрсеткіш биылғы кезеңмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге көп. Мәди Төкешұлының айтуынша, бюджеттің әлеуметтік бағдары сақталып отыр. Атап айтқанда, 2026 жылы әлеуметтік салаға – 10,7 трлн теңге, оның ішінде әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге және адами капиталға 3,9 трлн теңге жұмсалады.

2026 жылы әлеуметтік қорғауға 6,8 трлн теңге қарастырылған. Осы ретте әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың цифрлы тетіктерін енгізу мен проактивті форматқа көшу негізгі бағыттардың бірі екенін айта кетейік. Бұл адами фактор мен бюрократияны азайтып, қажетті қолдау процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Ал денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге көзделіп, бұл биылғы кезеңмен салыстырғанда 107 млрд теңгеге артық. Осы арқылы медициналық қызметтердің қолжетімділігі нығая түспек. Білім мен ғылым саласына 902 млрд теңге бөлу жоспарланған. Білім беру процесінің сапасын жақсартуға, дарынды жастарды қолдау мен ғылыми орталықтарды дамытуға басымдық беріледі.

2026 жылы мәдениет, туризм және спортты дамытуға 263,5 млрд теңге бөлу көзделген. Мемлекет басшысының орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларына кешенді талдау жүргізілді. Экономиканы ынталандыруға шамамен 1,2 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Нақты секторды дамытуға арналған қаражаттың жалпы көлемі 540 млрд теңгеге ұлғайып, 3,7 трлн теңгеге жететін болады. Бұл амал жаңа салалық өсім драйверлерін іске қосып, еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтуге оң әсер етеді.