Жаңа Салық кодексінің нормалары еліміздегі ҮЕҰ өкілдеріне түсіндірілді

Жаңа Салық кодексінің нормалары еліміздегі ҮЕҰ өкілдеріне түсіндірілді

ҚР Қаржы министрлігінде «Қуатты азаматтық қоғам – өркендеген Қазақстан» атты XII азаматтық форум өткізіліп, оның барысында жаңа Салық кодексінің ережелері жөнінде айтылды.

Аталған іс-шараға Қазақстандағы азаматтық альянстың өкілдері, Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңес пен Кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі сараптамалық кеңестің мүшелері, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері, Қаржы министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.


Кездесуде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов негізгі өзгерістер туралы жеткізді: салық есептілігін 30% дейін азайту жайында, камералды тексерулерді ескерту форматына ауыстыру, шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту және т.б. жаңашылдықтар жөнінде мұқият айтылды.


Өз кезегінде Қазақстанның азаматтық альянсының президенті Бану Ғаниқызы көтерілген мәселенің өзектілігі мен осындай кездесулерді өткізудің маңыздылығын атап өтті.


Кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар пікір алысып, көкейдегі мәселелерге байланысты қажетті мәліметтер алып, өз ұсыныстары мен кеңестерін ведомствоға жолдады.