Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң күшіне енген болатын. Оның нәтижесінде айтарлықтай көрсеткіштер байқала бастады. Мәселен, рәсімдердің мерзімін азайту арқылы 8,4 трлн теңге сомасына келісімшарттар жасалды. Бұл жүйенің тиімділігі мен тиісті процестердің ашықтықтығы артқанын көрсетіп отыр.
Айталық, отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылған. 2025 жылы ОТӨ-мен жалпы сомасы 381 млрд теңгеге 127 159 келісімшарт жасалды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда көлемі жағынан 33% және қаражат бойынша 120% көп. Бұған қоса шағымдарды қарау тәртібі толығымен қайта қаралды. Енді оларды сатыпалымды ұйымдастырған тұлғаны өзі қарайды. Сотқа жүгінген жағдайда тиісті процесс тоқтатылмайтынын айта кетейік. Бұл амал шағымдарды 25% азайтуға мүмкіндік берді.
Конкурстарды (аукциондарды) өткізу 10 күнтізбелік күнге дейін азайтылды. Рейтингті-балдық жүйенің көмегімен ұйымдастырылатын байқау 5 жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияның қатысуынсыз автоматты түрде өтеді. Сондай-ақ кез келген жобаны іске асыруда мердігердің толық жауапкершілігін қарастыратын «кілтпен тапсыру» келісімшарт тетігі енгізілді. Бұл тиімділік пен орындалатын жұмыстың сапасын арттыруға септігін тигізеді деп көзделген. Қосымша жекелеген компаниялардың монополиясының алдын алуға және мердігерлердің жауапкершілігін күшейтетін теріс мәндер сипатындағы бағадан тыс критерийлер енгізілді.
Өңірлердегі бизнесті қолдау үшін құрылыс компанияларына бонустық ұпай беріледі (2%), ал қосалқы мердігерлік жұмыстардың үлесі 50% 30% - дейін төмендеді. Сол секілді байқаудағы баға ұсынысына әсер ететін өлшем ретінде конкурста ескерілетін жылына 3 нысаннан (жұмыс тәжірибесінен) аспайтын лимит белгіленді. Аталған әдіс саладағы тәртіпті күшейтіп, сатыпалымды біркелкі бөлуге әсер етеді.
Бұдан бөлек заңда төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті сатыпалым тетігі қарастырылған. Ал ашықтықты арттыру бойынша азаматтарды тарту арқылы қоғамдық мониторинг жүйесі жолға қойылды. «Электрондық қаржы орталығы» АҚ базасында қолданыстағы барлық сатыпалым алаңын біріктірген (goszakup.gov.kz, zakup.sk.kz, mitwork.kz) Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай платформасын құру осы бағыттағы маңызды қадам болды.