ҚР Қаржы министрлігі өкілдерінің халықпен кездесулері мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ашық диалог қаржы саясатындағы аспектілерді, оның ішінде салық заңнамасы мен бюджет бағдарламаларындағы өзгерістерді түсіндірумен қатар кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл азаматтар мен бизнестің өзекті мәселелері мен қажеттіліктерін анықтауға көмектеседі.
Айталық, Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Қарағанды облысының кәсіпкерлері және тұрғындарымен кездесті. Аталған кездесу ашық диалог форматында өтіп, онда салық саясатындағы өзекті мәселелер, бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер мен өңірдегі халықтың алдында тұрған проблемалар талқыланды.
Әсет Нұрланұлы айтқандай, Қарағанды облысы бойынша 2024 жылға арналған мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 97,6% орындалды. Сондай-ақ Қаржы министрінің орынбасары биылғы бірінші жартыжылдықта өңірдің 67,6 мың тұрғыны көлік пен мүлікке қатысты салық жеңілдіктерін пайдаланып, сол арқылы салықтан босатылған соманың мөлшері 741,5 млн теңгеден асқанын жеткізді.
Сонымен қоса кездесуде мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы трансформациясына ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметтің алдына экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жасанды интеллектіні енгізуді тапсырды.
Қазір министрлік ЖИ элементтерін қолдана отырып, цифрлы шешімдерді белсенді түрде енгізуді қолға алды. Бұл қажетті процестерді автоматтандыруға, бюрократияны азайтуға және салық органдарымен өзара байланыс кезінде адами факторды тежеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек вице-министр ведомствоның цифрлы жобаларын, оның ішінде «СӘИЖ», SDF ақпарат жүйесін, Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетін, сондай-ақ e-Salyq Azamat және e-salyq Business мобильді қосымшаларын таныстырды. Аталған өнімдері салық рәсімдерін жеңілдетуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және ашықтықты арттыруға бағытталған.
Мұндай жобалар «Цифрлық мемлекет» қағидаттарына сәйкес келетін заманауи, клиентке бағдарланған әкімшілендіру жүйесін қалыптастыруға септеседі.
Кездесу соңында вице-министр қарағандылықтардың өзекті сұрақтарына жауап берді.