Мемлекеттік қаржы жүйесін басқаруға арналған тың технологиялар

Мемлекеттік қаржы жүйесін басқаруға арналған тың технологиялар

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес озық технологияларды енгізіп, бірыңғай экожүйені қалыптастыру мен «ақылды» платформаларды дамытуға басымдық беріп келеді. Айталық, Электрондық қаржы орталығында бірқатар жоба таныстырылды. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрлері Әсет Тұрысов пен Ержан Біржанов, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев қатысты.

 

Ұсынылған жобалардың бірі 70 дерек көздері мен базаларынан алынған деректерді біріктіретін Smart Data Finance жүйесі. Аталған шешім ақпарат қауіпсіздігі бойынша сертификаттаудан өтіп, талдау мен басқарудың сенімді жүйесін қамтамасыз ете отырып, қолданысқа енгізілді.

Қазір мүлік, бизнес, салықтар, мемлекеттік сатып алуға қатысу, қолдау шаралары және кадр көрсеткіштері туралы мәліметтерді қамтитын салық төлеушінің цифрлы бейінін қалыптастыру қолға алынды. Бүгінде 1,9 млн жеке кәсіпкер, 584 мың заңды және 20,4 млн жеке тұлға үшін құжаттама жасалып жатыр. Оның негізінде бюджеттің кіріс бөлігінің болжамды модельдері құрылып, бұл салалар мен өңірлердің салық әлеуетін бағалауға және дамудың дәл сценарийлерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек Электрондық қаржы орталығының қызметкерлері онлайн режімде ақша ағындарының қозғалысын көрсететін мемлекеттік қаржының цифрлы картасын әзірледі. Ол 15 млн-нан астам атауды қамтитын Тауарлардың ұлттық каталогымен толықтырылды. 2026 жылдың қаңтарынан бастап ТҰК пайдалану міндетті болады. Бұл бухгалтерия, статистика, мемлекеттік сатыпалым және кеден үшін бірыңғай анықтамалықты қамтамасыз етіп, көлеңкелі айналымды азайтады және әділ бәсекелестікке жол ашады.

Сонымен қатар министрлік салықтық және кедендік әкімшілендірудің жаңа сервистерін енгізіп жатыр. Е-Tamga жүйесі жалған шот-фактуралардың жазылуына жол бермеуге және «бір күндік» фирмаларды анықтауға бағытталған. Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі жеті ескірген шешімді біріктіріп, кәсіпкерлерге толық салықтық қолдау көрсететін бірыңғай платформа құрды. «Keden» жүйесі кедендік үдерістерді автоматтандырады, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қашықтықтан өзара іс-қимылын енгізеді және жасанды интеллект элементтерін пайдаланады.

Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті – Қаржы министрлігінің барлық сервисін ыңғайлы интерфейсте біріктіретін портал мен мобильді қосымша. Бюджеттік жоспарлау шеңберінде жобалар мен шығыстардың бірегей сәйкестендіргіштері енгізілді, болжам бойынша бұл тетік бюджеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органның цифрлы бейіні түсімдерді, шығыстарды және қаржылық тәртіпті онлайн түрде көрсету арқылы іске қосылды. «Онлайн-бюджеттік мониторинг» және «Бұлтты бухгалтерия» жүйелері сын-қатерлі операцияларды анықтап, бюджетке 800 млн теңгеге жуық соманы қайтаруға септігін тигізді.

Бұл жобалар Қаржы министрлігінің мемлекеттік қаржы саласын цифрландыруға, азаматтардың ашықтығы мен сенімін арттыруға бағытталған жүйелі жұмысын байқатып отыр.