Жаңа Салық кодексі экономиканың барлық саласына оң әсер етеді: ауыл шаруашылығы мен туризмнен бастап өнеркәсіп пен қызмет көрсету сегментіне дейін. Сондықтан да ҚР Қаржы министрлігі еліміз бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Айталық, кәсіпкерлер мен тұрғындарға арналған семинарлар, кездесулер ұйымдастырылып, мамандар жаңа ережелерді түсіндіріп, кәсіпкерлердің көкейкесті сұрақтарына жауап беріп келеді.
Мәселен, Қонаев қаласындағы Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің акт залында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың қатысуымен өңірдегі салық төлеушілерге арналған семинар өтті.
Қонаев қаласы – Қапшағай су қоймасының жағасында орналасқан облыс орталығы болып саналады. Шаһардың өңірлік ішкі туризм саласындағы әлеуеті біртіндеп нығайып келеді. Сондықтан да кездесуде туризм бағытындағы салық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жаңа заңда осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген салық режімдері мен төмендетілген мөлшерлемелер қарастырылған. Енді олардың үшеуі қалып отыр. Біріншісі – табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын қамтитын бірыңғай төлемді төлей алатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған. Екінші режім жеңілдетілген декларацияға негізделіп, ол шағын және орта бизнеске бағытталған: салық кірістің тек 3% қамтиды. Үшінші режім өндірісті дамытып, инвестиция тартуды көздейтін әрі жеңілдетілген мөлшерлемелері бар шаруа (фермерлік) қожалықтарына арналған.
«Жаңа кодекс көлеңкелі экономиканы азайтып, қаржы ағындарының ашықтығын арттыруды көздейді. Туризм үшін бұл әділ бәсекелестікпен қатар мемлекеттік қолдау шараларына, оның ішінде өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларына қол жеткізуге жол ашады. Мұның бәрі жаңа демалыс орындарының ашылуына, қызмет көрсету сапасының артуына және халықаралық туризм нарығында Қазақстанның тартымдылығын арттыруға оң әсер етуі тиіс», деді Жәнібек Нұржанов.