Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил бастаған еліміздің делегациясы Мәскеуде «Манеж» орталығының көрме залында өткен X Мәскеу қаржы форумына қатысты.
Аталған форум – макроэкономикалық саясат пен қаржылық даму, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға арналған кәсіби пікірталас алаңы болып саналады.
Дәурен Маратұлы қаржы жүйесінің алдында тұрған сын-қатер мен міндеттеріне арналған пленарлық және сараптамалық сессияларға қатысты. Оның барысында халықаралық қаржы, инвестиция тарту, мемлекеттік сатыпалым мен қаржылық бақылауды цифрландырудың жаңа бағыттары, сол секілді экономикалық өсімнің өңірлік аспектілері қаралды.
Форум аясында ТМД-ға мүше мемлекеттердің қаржы министрліктері мемлекеттік қаржы саласын басқару бағытындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның мақсаты – қаржы қызметіндегі өзара іс-қимылды нығайту, мамандар арасында тәжірибе алысу арқылы экономикалық дамуға қолғабыс ету.
Сонымен қатар форум кезінде ведомство өкілі Ресей Федерациясының Қаржы министрінің орынбасары И.Чебесковпен кездесіп, өзара тиімді байланысты дамыту мәселелері мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын пысықтады.