Жетісулықтарға жаңа Салық кодексінің артықшылықтары түсіндірілді

Жетісулықтарға жаңа Салық кодексінің артықшылықтары түсіндірілді

Талдықорған қаласында жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге байланысты ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен өңірдің кәсіпкерлері мен тұрғындарына арналған көшпелі семинар өткізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған заңға 2025 жылдың 18 шілдесінде қол қойған еді. Кодекс салық жүйесін түбегейлі өзгертуге, ашықтық қағидаттарын енгізіп, қазіргі экономикалық жағдайға бейімделуге бағытталған. Президент айтқандай, реформаның басты мақсаты – нормаларды өзгерту емес, салық төлеушілердің жаңа менталитетін қалыптастыру.

Жетісуда ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды салалар жолға қойылғандықтан жаң заң облыстың экономикасын алға сүйрейтін маңызды тетікке айналады деді ведомство өкілдері. Оның көмегімен көлеңкелі экономика азайып, құзырлы органдармен жұмыс жеңілдеп, салықтық әкімшілендірудің тиімділігі артады деп көзделген.

Негізгі өзгерістер:

Салық жүктемесін дифференциациялау. Медицина және білім беру сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларға 2026 жылы 5% мөлшеріндегі төмендетілген корпоративті салық қарастырылған. Бұған қоса жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіліп, ол салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған. Айталық, 8500 АЕК-ке дейінгі кірістер үшін 10% (шамамен 33,5 млн теңге) және одан жоғары кірістер үшін 15% көзделген.

Салық режімдерін жеңілдету. Үш негізгі режім қалып отыр. Арнайы салық режімдерін үшке дейін азайту жергілікті кәсіпкерлерге жүйені жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл жеңілдетілген декларация негізінде қызмет ететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, шаруа (фермерлік) қожалықтарға, әсіресе өңірдің экономикасындағы басымдыққа ие сектор – аграрлық салада жұмыс істейтіндерге тиімді болады.

Бизнесті бөлшектеуге қарсы күрес. ҚҚС мөлшерлемесі 16% дейін көтеріліп, тіркеу шегі төмендейді. Бұл ірі кәсіпорындарды көлеңкеден шығарып, әділ бәсекелестікке жол ашады.

Сән-салтанат салығы. Акциздер жалпы құны 450 млн теңгеден асатын қымбат автокөліктерге, яхталарға, ұшақтарға және жылжымайтын мүлікке енгізіледі, бұл норма ауқатты азаматтарды қамтып, осы арқылы өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды іске асыруға қосымша қаражат тартуға оң әсер береді.

Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге арналған келесі семинар 18 қыркүйекте Қонаев қаласында өтеді.