Жаңа Салық кодексі: тың бақылау тәсілдері мен салық жүйесінің ашықтығын арттыру

Жаңа Салық кодексі: тың бақылау тәсілдері мен салық жүйесінің ашықтығын арттыру

Бүгін ҚР Қаржы министрлігі қолға алған республикалық ақпарат науқаны аясында Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге арналған семинар болып өтті.

Аталған семинарға МКК-нің, «Атамекен» ҰКП-ның, жергілікті бизнестің, бухгалтерлік қауымдастық пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Оның барысында салықтық әкімшілендіру ісін жеңілдету мәселелеріне, атап айтқанда аграрлық сектордағы салық салу ерекшеліктеріне басты назар аударылды.

Батыс Қазақстанда мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ шекара маңындағы сауда кәсібі белсенді дамыған. Сондықтан да жергілікті азаматтарға заңдағы ұғымдар мен терминологиядағы жаңа тәсілдер жөнінде, КТС және ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізу туралы, ЖТС байланысты прогрессивті шкала мен ҚҚС реформасы және процестерді цифрландыру жайлы, сондай-ақ есеп түрлерін азайту мен арнайы салық режімдеріндегі өзгерістер туралы мұқият түсіндірілді.

Маңызды өзгерістердің қатарында ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін салық жеңілдіктерін сақтау және кеңейту, оның ішінде төмендетілген мөлшерлемелер мен қосымша шегерімдер, арнайы салық режімдерінің қарапайым және түсінікті жүйесіне көшу қарастырылған. Енді олардың (ең төменгі есептілікпен) үшеуі ғана қалып отыр.

Бұл реформа салықтық әкімшілендіру ісін жеңілдетіп, жүйенің ашықтығын арттыруға бағытталған. Заңда көзделген ережелердің бірі салық органдарының жұмысын сервистік модельге көшіру. Бұған сәйкес салық төлеушілермен өзара байланыстың сапасы жақсарады. Бұдан бөлек хабарламалар мен ықпал ету шаралары берешек сомасына байланысты кезең-кезеңмен қолданылатын болады.

Өз кезегінде батысқазақстандықтар жаңа нормаларды іс жүзінде қолдануға байланысты, жаңа мөлшерлемелер бойынша салықтарды есептеу туралы, цифрлы сервистерді пайдалану тәртібіне қатысты сұрақтарын қойды.

Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге арналған келесі 15 семинар 11 қыркүйекте Ақтауда өтеді.