Мемлекеттік аудит комитетінің бастамасымен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қолдауымен мемлекеттік шығыстарды орынсыз жұмсаудың алдын алу мақсатындағы іс-қимылды бірігіп жүргізу мәселесі бойынша жұмыс отырысы өтті.
Оның барысында мемлекеттік аудит комитеті қолданатын «Онлайн бюджет мониторингі» модуліне баса мән берілді. Жүйе нақты уақыт режімінде бюджет қаражатын әлеуметтік сала қызметкерлерінің карт-шоттарына жалақы түрінде аударылатын манипуляцияларды анықтап, оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
ОБМ модулі арқылы жүргізілетін жұмыс мониторинг нысандарына бұзушылықтарды алдын ала ерікті түрде жоюға және бюджетке заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға мүмкіндік береді.
«Биылдың өзінде 1,3 млрд теңгеден астам заңсыз төлем анықталып, оның 833 млн теңгеден астамы өтелді. Алайда превентивті тәсіл барлық жағдайда әсер ете бермейді. Заңды өрескел бұзатындарға қатысты (жалпы сомасы шамамен жарты млрд теңге болатын) 8 қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімдері бойынша бірқатар лауазымды тұлға алаяқтық, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу баптары бойынша 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», деп атап өтті Мемлекеттік аудит комитеті басқармасының басшысы Олжас Нукаев.
Өз кезегінде арнайы қызмет өкілдері заманауи цифрлы аудит құралын жоғары бағалап, мемлекеттiң ұлттық және экономикалық қауіпсіздігін қорғау аясында сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық қатерлерінің ерте кезеңінде алдын алуға айрықша мән берілетінін атап өтті.
Қорытындылай келе Мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Оразбай әріптестеріне ведомствоаралық ынтымақтастыққа дайындықтары үшін ризашылығын білдіріп, цифрландыру жағдайында мемлекеттік бақылау бұлжымас әрі проактивті болуы тиіс екенін, бұл өз кезегінде 2025 жылдың 8 қыркүйегінде жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерге сай келетінін атап өтті.
Тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, соның ішінде заңсыз төлемдердің жоғары тәуекелдері туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның аумақтық бөлімшелерін хабардар етуге келісті. Аталған шара қабылданып жатқан превентивті әрекет ету тетіктерінің тиімділігін және мемлекеттік қазынаның тиісті қорғалуын қамтамасыз етеді деп көзделген.