6-8 қыркүйек аралығында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кеден әкімшіліктері басшыларының XI отырысы өтті. Алқалы жиынға Венгрия, Грузия және Түркіменстаннан бақылаушылар қатысты.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің айтуынша, отырыстың дәл Түркістанда өтуінің терең символикалық маңызы бар. Түркістан түркі әлемінің рухани орталығы ретінде бауырлас халықтардың бірлігі мен өзара байланысының нышаны. Ал аталған кездесу ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылыстың айқын дәлелі.
Ведомство басшысы кейінгі жылдары ТМҰ елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты өсім байқалып отырғанын атап өтті. Бұл цифрлы шешімдерді енгізу, рәсімдерді жеңілдету және өзара сенімді нығайтудың нәтижесі болып саналады. Сондай-ақ Ж. Дүйсембиев Венгрияда өткен ТМҰ-дың бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен стратегиялық міндетке — Орта дәлізді шығыс пен батыс арасындағы сенімді және заманауи көпірге айналдыру мәселесіне ерекше назар аударды.
Осыған байланысты МКК төрағасы практикалық қадамдардың қажеттілігін атап өтті:
* ақпарат алысудың техникалық шарттарын іске асыру, уәкілетті экономикалық операторлар (УЭО) институтын дамыту;
* «Бірыңғай терезе» жүйесін және кедендік әкімшілендіру ісін цифрландырудың заманауи құралдарын енгізу.
Бұл амалдар тауар айналымын жеделдетіп, қауіпсіздікті арттыруға және жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отырысқа жиналғандар үздік ұлттық тәжірибелерді талқылап, өз кезегінде Қазақстан өкілдері «Кеден» ұлттық интеграцияланған платформасының мүмкіндіктерін ұсынды, ал Түркия «Жібек жолы» бастамасы аясында «Керуен-сарай» жобасын таныстырды.
Кездесудің қорытындысы бойынша:
* XI отырыстың хаттамасына;
* ХЖТ Конвенциясына (1975 ж.) 11-қосымшаны қолдану туралы бірлескен мәлімдемеге;
* тәуекелдерді басқару және кедендік зертханаларды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Отырысты аяқтай отырып, қатысушылар өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және бауырлас байланыстарды күшейтуге бейілдігін растап, бірлескен күш-жігер түркі әлемінің заманауи, ашық және инновациялық кеден жүйесін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.