Салық реформасы: әкімшілендіру ісін жеңілдету мен кен өндіруші компанияларға арналған жаңа ережелер

Салық реформасы: әкімшілендіру ісін жеңілдету мен кен өндіруші компанияларға арналған жаңа ережелер

Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлердің қызметін айтарлықтай жеңілдетуді көздейді. Осы арқылы әкімшілік жүктеме мен өткізілетін есеп түрлері азайып, цифрлы сервистер енгізілетін болады. Бұл бизнеске артық бюрократиядан арылып, ашық және тиімді жұмыс істеу арқылы кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Саладағы өзгерістер жайлы кәсіпкерлерді құлақтандыру үшін ҚР Қаржы министрлігі ағартушылық бағыттағы семинарлар мен кездесулерді өткізіп келеді. Осындай іс-шаралардың бірі Қызылордада «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен ұйымдастырылып, оған облыстың іскер азаматтары жиналды. Қасиетті Сыр өңірінің тұрғындары көкейдегі сұрақтарын қойып, заңда қарастырылған негізгі жаңашылдықтар жөнінде біле алды.

Семинарда Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов салықтық әкімшілендірудегі өзгерістер туралы, сондай-ақ бизнеске жүктемені азайту мен салық төлеушілерге рәсімдерді жеңілдету жөнінде айтып берді. Бұған қоса цифрландыру мен кәсіпкерлік қызметке заманауи сервистерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қызылорда – минералды-шикізат ресурстарының мол қоры сақталған облыстардың бірі, мұнда әсіресе уран өндіру мен мұнай-газ өнеркәсібі жолға қойылған. Сол себепті семинарда өндіруші компанияларға салық салу мәселелеріне баса мән берілді. Сарапшылар шикізат секторындағы салықтарды есептеудің жаңа тәсілдерін түсіндіріп, ережелердің ашықтығы мен болжамдылығын, сондай-ақ олардың бизнесте ұзақмерзімді жоспарлаудағы маңыздылығын атап өтті.

Ж.Нұржанов айтқандай, жаңа реформаға сәйкес нақты жүргізілген шығыстарды есепке алу есебінен салық салынатын базаны азайтуға септесетін корпоративті табыс салығы (КТС) бойынша шегерімдер қарастырылған. Бұған еңбек шығындары, негізгі құралдардың амортизациясы, маркетингтік науқандар, қызметкерлерді оқыту мен басқа да операциялық шығындар жатады.

Қосылған құн салығын (ҚҚС) оңтайландырудың негізгі тетіктерінің бірі тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде төленген кірістен ҚҚС есепке алу құқығы болып саналады. Бұл шығыстар құжатталған әрі заң талаптарына сәйкес болған жағдайда бизнеске бюджетке төленетін салық сомасын азайтуға жол ашады. Сонымен қатар ҚҚС төлеуші ретінде дұрыс және уақтылы тіркелу қосарланған салықтан сақтанып, жеткізу тізбегінің барлық кезеңінде салық жүктемесін оңтайландыруға көмектеседі.

«Салық жүйесіндегі өзгерістер мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы балансты сақтауға бағытталған. Бұдан басқа жаңа заң электронды сервистердің қолданылуын кеңейтіп, салық есептілігін автоматтандыруды және кәсіпкерлердің мемлекеттік кірістер органдарымен өзара байланысын бірыңғай платформаның көмегімен реттеуді көздейді. Бұл компанияларға уақытты үнемдеуге, құжаттардың қайталануын болдырмауға және бюрократиялық кедергілерден құтылып, кәсіптерін дамытуға септігін тигізеді», деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.