Саламатты өмір – Қаржы министрлігінің корпоративті мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Сан алуан жаттығуларда шыңдалып, түрлі жарыстарда бақ сынау мен денсаулықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдау – өзара сыйластық пен ұжымдық рухты арттыра түседі. Айталық, мемлекеттік органдардың арасындағы спорттық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, ведомствоаралық байланыс күшейіп, қызметкерлер бұқаралық спортты дәріптеуге елеулі үлес қосып келеді.
Мәселен, 2020–2025 жылдарға арналған дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді жоспардың аясында елордада шағын футболдан QAZAQSTAN QYZMET CUP-2025 турнирінің шешуші кезеңі өтті. Сайысқа еліміздің түрлі мемлекеттік органдары мен ұйымдарынан 24 команда жиналды. Аталған турнир – спорт шеберлігімен бірге ұжымдық ауызбірлікті бекемдейтін, саламатты өмірді насихаттайтын әрі мемлекеттік қызметшілер арасында корпоративті мәдениетті өркендететін маңызды алаң.
Осы жарыс 2018 жылдан бері ҚР Президенті Әкімшілігі, ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Мәдениет және спорт министрлігінің тұрақты қолдауымен өткізіліп келеді. Тоғыз маусым бойы бұл жарыс 250 мемлекеттік ұйымнан 4 мыңнан астам қатысушыны тоғыстырып, спортты кеңінен дәріптеудің тиімді тетігіне айналды.
Қаржы министрлігінің орталық аппараты мен ведомстволық бағынышты ұйымдарының қызметкерлерінен құралған құрама команда турнир барысында жоғары деңгейде ойын көрсетіп, үздік үштікке енді. Жеңіске деген жігер мен ұйымшылдықтың арқасында команда үшінші орынды иеленіп, нәтижесінде биыл 4–7 қыркүйек аралығында Шымкентте өтетін QQC SUPER CUP турниріне жолдама алды. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің ынтымағы мен жанкешті еңбегінің айқын көрінісі.
Айрықша марапатқа «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ бас маманы Абылай Болатбекұлы ие болды. Ол футбол турниріндегі барлық ойын қорытындысы бойынша 300 астам қатысушының арасынан суырылып шығып, «Үздік шабуылшы» атағын жеңіп алды. Ведомствоның қызметкері әр ойында гол соғып, шапшаң қимылдап, тактикалық сауаттылығы мен сын сағатта қабылдаған дәл шешімдері арқылы команданың жеңіске жетуіне зор үлес қосты. Оның алаңдағы ұтқыр ойыны мен шеберлігі көпшілікке үлгі болып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл тек спорттағы жетістіктің емес, сондай-ақ табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын жеңісі.
Ведомство өкілдерінің осы жетістігі – ұйымшылдықтың, спорттық рухтың және шеберліктің жарқын жемісі. Бұл жеңіс мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастырып қана қоймай, құзырлы органның да абыройын арттыруға да елеулі үлес қосты.