Кәсіпкерлікке әкімшілік жүктемені азайту алдағы уақытта нақты жүзеге асады. Бұл туралы Павлодар облысында өткен семинар барысында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов мәлімдеді. 2026 жылы жаңа Салық кодексін енгізуге дайындық аясында ҚР Қаржы министрлігі өңірлерде халықпен және кәсіпкерлермен белсенді кездесулер өткізіп, негізгі өзгерістерді түсіндіру және бизнестің алдағы жаңашылдыққа бейімделуін қолдау көрсету жұмыстарын жүргізуде.
Іс-шара «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінің қолдауымен өтті. Семинарға 200-ден астам жеке кәсіпкер, ірі, орта және шағын бизнес өкілдері қатысты. Қатысушылар құрамының әртүрлілігі салықтық реттеу мәселелерін кәсіпкерлік қауымдастықтың барлық санатының мүддесін ескере отырып жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Павлодар облысы – энергетика, металлургия, химия және машина жасау салалары қарқынды дамып жатқан елдің индустриялық өңірлерінің бірі. Өңірде 40 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді, олардың едәуір бөлігі өндіріс пен экспорт саласында қызмет етеді. Осыған байланысты салық салу саласындағы жаңа тәсілдерді түсіндіру, есептілік пен салықтық рәсімдерді оңтайландыру облыс кәсіпкерлері үшін аса өзекті болып отыр.
Жәнібек Нұржанов жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіру жүйесін түбегейлі жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті. Мәселен өзгерістер салықтық есептілік көлемін 30%-ға дейін қысқартуды көздейді, бұған процестерді цифрландыру есебінен қол жеткізілді. Сондай-ақ, қайталанатын төлемдерді біріктіру арқылы салықтық төлемдердің саны 20%-ға азаяды. Бұндай өзгерістер бюджеттің кіріс бөлігін сақтай отырып, бизнеске әкімшілік жүктемені едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
«Салықтық әкімшілендіру тәсілдері түбегейлі өзгеруде. Біріншіден, камералдық тексеру енді жазалау емес, ескерту сипатында болады. Екіншіден, берешекті өндіріп алу, төлем мерзімін кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетіледі. Үшіншіден, егер берешек сомасы аз болса, Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлердің шоттарын автоматты түрде бұғаттамайды. Оның орнына хабарлау мен ықпал ету шаралары кезең-кезеңімен қолданылатын болады, бұл кәсіпкерлерге бұзушылықтарды дер кезінде жоюға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов.
Салық жөніндегі сарапшылар семинарға қатысушылардан келіп түскен өзекті мәселелер бойынша 500-ден астам түсіндірмелер берді.