Жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру – айқын әрі ашық салықтық ортаны қалыптастыру үшін маңызды. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі салық жүйесіне енгізілетін өзгерістердің мәнін тікелей жеткізу, өзекті сұрақтарға жауап беру және кәсіпкерлердің жаңа ережелерге тиімді бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің түрлі өңірлерінде бизнес өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізуде.
Осы мақсатта Шығыс Қазақстан университетінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінің қатысуымен семинар өтті.
Жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру Шығыс Қазақстан облысы үшін өзекті. Бұл өңір – еліміздегі жетекші өнеркәсіптік әрі аграрлық аймақтардың бірі. Мұнда металлургия, энергетика, машина жасау, агробизнес және құрылыс салаларындағы ірі салық төлеушілер шоғырланған. Олардың салық саласындағы өзгерістерді уақтылы түсініп, жаңа талаптарға бейімделуі және салықтық әкімшілендіру тәуекелдерін азайтуы аса маңызды. 2024 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі 4,8 трлн теңгені, жан басына шаққанда – 6,6 млн теңгені құрады. Өңір тұрақты өсімді көрсетіп отыр: өнеркәсіп +3,1 %, ауыл шаруашылығы +9,3 %, құрылыс +20 %. 967,7 млрд теңгеге 210 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 19,5 мың жұмыс орны ашылды.
Семинар барысында Жаныбек Нұржанов жаңа Салық кодексімен көзделген тұжырымдамалық өзгерістерді жан-жақты таныстырды. Әсіресе терминология мен салықтық жіктеулерге қатысты жаңа тәсілдерге ерекше назар аударылды. Бұл өзгерістер бизнес пен халық үшін салық заңнамасын түсінуді жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкала енгізу тетігі ұсынылды. Бұл тәсіл салық ауыртпалығын әділетті бөлуге және фискалдық тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Семинарда ҚҚС әкімшілендіру құрылымындағы өзгерістер мен корпоративтік табыс салығы мен ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерге көшу мәселелері қаралды. Бұл кейбір экономикалық салаларға ынталандыру шараларын жасауға бағытталған. Сондай-ақ салықтық үдерістерді цифрландыру, салық түсімдерін басқарудағы аналитикалық тәсілді күшейту, сән-салтанат бұйымдарына акциз енгізу, есептілік пен салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру, сондай-ақ резидент еместер мен жер қойнауын пайдаланушыларды салық салудың жаңартылған қағидаттары сынды маңызды тақырыптар талқыланды. Осы шаралардың бәрі салық жүйесінің ашықтығын, тиімділігін және әділеттілігін арттыруға бағытталған.
«Біз салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшуге ерекше назар аударып отырмыз. Бұл модель салық төлеушілерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Қарыз сомасына қарай ескертулер мен ықпал ету шараларын кезең-кезеңімен қолдану көзделіп отыр. Сонымен қатар, алдын алу шаралары мен бизнеске кеңестік қолдауды күшейтуге басымдық беріледі», – деп түйіндеді Жаныбек Нұржанов.
Семинарға қатысушылар салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру, камералдық бақылау, салықтық тексерулер, берешекті өндіру рәсімдері мен кейінге қалдыруды ұсыну мәселелері бойынша түсініктемелер алды. Ашық диалог форматында ҚР ҚМ МКК өкілдері барлық қойылған сұрақтарға жауап беріп, бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етті.