2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті (ІМАК) қаржылық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ауқымды жұмыс жүргізді. Алты айдағы нәтижелер туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил мен комитет төрағасы Ержан Мыңжасаровтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Аталған кезеңде аудиторлар жалпы сомасы 921 млрд теңгеден астам қаражатқа 672 тексеру іс-шарасын жүргізді.
Аудит нәтижесінде 310,6 млрд теңге мөлшеріндегі қаржылық бұзушылықтар мен 1699 рәсімдік кемшіліктер анықталды. Сонымен қатар сын-қатерге бағдарланған тәсілді жетілдіру тексерулердің нақтылығын арттырып, кемшіліктерді нақты анықтауға мүмкіндік берді.
Комитет ішкі аудиттің жаңа даму бағыттарын, соның ішінде цифрлы құралдарды айқындады. Цифрландыру жол картасында белгіленген. Аталған құжат 3 жаңа аудит тетігін енгізіп, нақты секторда профилактикалық бақылауды алғаш рет цифрландыруды қарастырады.
Комитеттің превентивті және тиімділікке бағытталған озық құралдарының бірі — онлайн-бюджеттік мониторинг жүйесі. Қазір бұл жүйе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы 5 937 әлеуметтік нысанды қамтып отыр. Қашықтан талдау нәтижесінде заңсыз төлемдер сомасы 950,3 миллион теңгеге жеткені анықталды. Бұл цифрландырудың нақты уақыт режимінде бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретіндігінің айқын дәлелі.
Сонымен қатар, аудиторлар 2026–2028 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетті әзірлеу процесін жан-жақты талдады. Тексеру барысында жалпы сомасы шамамен 860 миллиард теңгені құрайтын бюджеттік сұраулардың сапасыз жасалғаны анықталды. Алдағы уақытта бұл бағытты дамыту аясында міндетті әрекет ету шараларын қамтитын толыққанды камералдық бақылау тетігі енгізіледі.
Комитеттің алдағы жоспарларында цифрлы басқару нүктесіне айналатын - «Бірыңғай аудитор кабинетін» құру мен жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған «Аудитор қалқаны AI» оқу платформасын іске қосу көзделген.
Осы арқылы комитет енгізіп жатқан тың жүйелер кемшіліктерді уақтылы анықтап, сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерін азайтуға жол ашып, мемлекеттік қаржы саласының ашықтығын айтарлықтай арттырып жатыр.
«Бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету үшін цифрлы құралдарды кеңінен қолдана отырып, проактивті аудит стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асыру қажет», деді Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил.