Қазақстан мен Қытай «Ақылды кеден» қанатқақты жобасын қолға алды

Қазақстан мен Қытай «Ақылды кеден» қанатқақты жобасын қолға алды

Қазақстан-Қытай экономикалық ынтымақтастығын нығайту шеңберінде «Бақты (ҚР) - Покиту» (ҚХР) шекаралық өткізу пункттерінде «ақылды кеден» қанатқақты жобасын іске асыру басталды. Аталған бастаманың маңызды элементтерінің бірі кедендік логистиканың тиімділігін арттырып, цифрландыруға бағытталған автономды (пилотсыз) жүк тасымалдарын жүзеге асыру саналады.

Бұл жоба ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің Тачэн қаласының (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэймен болған кездесуде келісілген еді.

Тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Соған сәйкес осы жобаны бірлесіп іске асыру, сондай-ақ кедендік және логистикалық процестерді цифрландыру саласындағы іс-қимылдарды үйлестіріп, тәжірибе алысу көзделген.

«Ақылды кеден» – шекарадан жылдам әрі жайлы өтуге септесетін бірнеше заманауи шешімді қамтиды. Жүктер шекарадан жүргізушісіз автоматты түрде машиналармен тасымалданатын болады.

Сонымен қоса екі елмен расталатын бірыңғай электронды декларация іске қосылғанын айта кетейік. Құжаттарды рәсімдеу мен жүктерді алып жүру толығымен цифрлы форматта болады. Осы жұмыс табысты іске асырылған соң жүктер тәулік бойы автоматты навигация мен бақылау жүйелері (көлік жүргізушілерісіз) арқылы жөнелтілетін болады.

Болжанып отырған нәтиже:

жүк көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту;

кедендік рәсімдеу уақытын едәуір азайту;

көлік шығындарын төмендету;

логистикалық операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру;

автомобиль инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтып, логистикалық хабтарды дамыту;

астық, майлы дақылдар, ет және өңделген тауарларды қоса алғанда, аграрлық өнімнің экспортын ынталандыру.

«Ақылды кеден» шекарадағы инфрақұрылымды жаңартып, жұмыс орындарын ашу мен инвестиция тартуға оң әсер етеді. Сонымен қатар бұл ҚХР-мен арадағы сауданы ұлғайтуға және Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды транзитті орталық ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.