ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда биылғы бірінші жартыжылдықтағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындылары шығарылды. Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік қаржыны басқару саласындағы негізгі нәтижелер туралы айтып берді.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 11 трлн теңгеге жетіп, бұл жоспардың 105% сәйкес келді. Айталық, республикалық бюджет 31 млрд теңгеден асып, 100,5% орындалды. Бұл көрсеткішке импортқа салынған ҚҚС, мұнайдың экспорттық бажы және корпоративті табыс салығы (КТС) бойынша жиналған түсімдер жағымды әсер етті.
Жергілікті бюджеттердің кірістері жоспардан 656,6 млрд теңгеге артып, 117% орындалды. Бұған жеке табыс салығы (ЖТС), КТС және әлеуметтік аударымдар оң ықпалын тигізді.
2024 жылдағы кезеңмен салыстырғанда кірістердің өсімі 118,8% ұлғайды. 492 млрд теңге мөлшеріндегі қосымша түсімдер цифрландыру, талдау және салықтық бақылау жөніндегі шаралардың есебінен қамтамасыз етілді.
Жыл басынан бері ҚҚС 768 млрд теңгеге өтеліп, бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 12% көп. Бұл экспорттаушыларға, өндірушілерге және фермерлерге көрсетілген қолдау.
Арнаулы мемлекеттік қорға елімізге қайтарылған активтердің есебінен 434,3 млрд теңге түсті. Бұл ақша арқылы, атап айтқанда 318,1 млрд теңге сомаға 406 әлеуметтік маңызы бар жоба қаржыландырылды, оның ішінде: 230 сумен жабдықтау және су бұру жобасы, 162 денсаулық сақтау жобасы, 10 білім беру жобасы және 4 спорт нысаны бар.
Мемлекеттік шығыстар 92% орындалды, оның ішінде: республикалық бюджет – 91,5%, жергілікті бюджеттер – 96,3%. Республикалық бюджеттен әлеуметтік бағытқа 4,3 трлн теңге, өңірлерді қолдау көрсетуге 3,6 трлн теңге, нақты секторға 800 млрд теңге бөлінді.
2025 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда бюджет шығыстарының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң күшіне енді. Мұның арқасында қысқа уақытта айтарлықтай нәтижелер байқалды. Мәселен, жасалған келісімшарттардың көлемі 2024 жылдағы кезеңмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайып, шағымдардың саны 30% азайды. Ал отандық өндірушілерден сатып алу 43% артты.
Негізгі жетістіктердің бірі ретінде сатыпалым мерзімінің (3-6 есе) азайтылғанын айтуға болады. Жаңа заң ресми кедергілерді жойып, бәсекелестікті күшейту мен мемлекеттік келісімшарттардың орындалу сапасын арттыру арқылы бизнеске тендерге қатысудың тең мүмкіндігіне жол ашты.
Қаржы министрлігі автомобиль өткізу пункттерін ауқымды түрде жаңғыртуды жалғастырып жатыр. «Қапланбек», «Атамекен», «Қалжат» және «Алакөл» төрт өткел пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бес нысан қосылады: «Қазығұрт», «Тәжен», «Темір баба», «Майқапшағай» және «Бақты». Осылайша, бұл жаңғырту еліміздің сыртқы контурындағы автоөткізулерді 100% қамтып, бұл логистикалық және сауда мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болады.
Жаңғырту жұмысы қазірдің өзінде айтарлықтай нәтиже беріп отыр. Мәселен, өткізу қабілеті орта есеппен 25%, ал Қытаймен шекарадағы көрсеткіш рекордтық 37% жетті. Автокөлікті күту уақыты 9-дан 3 сағатқа дейін азайды. CargoRuqsat электронды кезек жүйесі енгізілді – 55 мың жүргізуші және 145 мың автомобиль тіркелді. Жаңғыртудың барлық кезеңі аяқталғаннан кейін аталған пункттер бизнес пен азаматтар үшін қауіпсіздікті, ашықтықты және жайлы қызметті қамтамасыз ете отырып, сыртқы шекараны басқарудың бірыңғай цифрлы жүйесіне біріктірілетін болады.
Бұдан басқа биылғы бірінші жартыжылдықта бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейту шеңберінде 672 тексеру жүргізілді. Аудит жұмысымен 920 млрд теңгеден астам қаражат қамтылды. 310 млрд теңге сомасына қаржылық кемшілік анықталып, оның 279 млрд теңге сомасына бұзушылық жойылып, 3,4 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Сонымен қатар есеп-қисапты бұрмалау, кірістерді жасыру, сметаларды асыра пайдалану және қаражатты мақсатсыз пайдалануды қоса алғанда, жаңа сын-қатер профильдерін әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Мәди Төкешұлының айтуынша, сыртқы сын-қатерлерге қарамастан мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығы табыстың орнықты өсімі мен әлеуметтік міндеттемелердің тиімді орындалуын көрсетіп отыр.