Қаржы министрлігі орнықты даму жөніндегі есеп-қисаптың халықаралық стандарттарын енгізуге байланысты жұмысты қолға алды

Қаржы министрлігі орнықты даму жөніндегі есеп-қисаптың халықаралық стандарттарын енгізуге байланысты жұмысты қолға алды

ҚР Қаржы министрлігі орнықты даму туралы есеп-қисаптың халықаралық стандарттарын – S1 ХҚЕС және S2 ХҚЕС енгізуге байланысты жұмыс жүргізіп келеді. Аталған стандарттар инвесторларды, реттеуші органдарды және басқа да мүдделі тараптарды компаниялардың қоршаған ортаға әсеріне байланысты, сондай-ақ әлеуметтік саясат пен корпоративті басқару сапасы туралы сенімді және тексерілген ақпаратпен қамтамасыз ету арқылы қаржы әрі қаржыдан тыс есептілік арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған.

Осы орайда министрліктің алаңында Ernst & Young аудиторлық компаниясы, «Атамекен» ҰКП мен «Учет» бухгалтерлерінің кәсіби ұйымы өкілдерінің қатысуымен семинар өтті. Қатысушылардың арасында отандық және халықаралық қор биржаларында листингтен өткен ірі бизнес пен компаниялардың өкілдері, бас бухгалтерлер, аудиторлар, қаржы департаменттерінің аға мамандары және ҚЕХС есептілігімен жұмыс істейтін сарапшылар, сондай-ақ басқа да мүдделі ұйымдар болды. Семинар гибридті форматта өтті: офлайн режімде 70-ке жуық адам, онлайн режімде 150-ден астам адам қатысты.

Қазақстандық бизнеске S1 және S2 ХҚЕС стандарттарын енгізу бір жағынан белгілі бір сын-қатер тудырса, екінші жағынан мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл қолданыстағы есеп беру жүйелерін қайта қарауды қажет етумен бірге жаңа халықаралық инвестицияларға қол жеткізуге септесіп, серіктестердің сенімін арттыру мен жаһандық нарықтағы компаниялардың беделін жақсартады.

Климат тәуекелдеріне арналған S2 ХҚЕС стандартына да ерекше назар аударылып келеді. Бұған сәйкес компаниялардың климаттың өзгеруіне бейімделу стратегиялары мен көміртегі ізін азайту шаралары туралы ақпараты ашық болуы тиіс. Уақыт өткен сайын халықаралық нарықтар осындай көрсеткіштерге бағыт алып, орнықты даму мақсаттары бәсекелестікті арттыратын артықшылыққа айналып отыр.

Семинар барысында бизнестің орнықты даму стандарттарын міндетті түрде қолдануға байланысты алдағы заңнамалық өзгерістерге кеңірек дайындалу қажеттілігі жөнінде айтылды.

Есеп беру талаптарын бір ізге түсіру нарық қатысушыларына тең мүмкіндік беріп, ең тұрақты әрі жауапты бизнес-модельдердің пайдасына капиталды қайта бөлуге әсер етеді.