ҚР Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев есепті кезеңдегі негізгі қаржы-экономикалық нәтижелер мен көрсеткіштерді тізбектеп, 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндаманы ұсынды.
Ведомство басшысы айтқандай, 2024 жылы еліміздің ІЖӨ негізінен мұнайдан тыс сектор есебінен 4,8% өсіп, биылғы бес айдағы меже 6% артқан. Бұл ретте шоғырландырылған бюджет құрылымындағы мұнайдан тыс кірістердің үлесі 2,5 т.т. ұлғайып, инфляция 9,8% 8,6% дейін төмендеді. Ал бюджет тапшылығы ІЖӨ-ге шаққанда 2,7% деңгейінде байқалды. Ұлттық қордың активтері 16% артып, 66,2 млрд долларға жетті. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша екі жыл ішінде 7 млн-нан астам балаға (жан басына шаққанда) 233 доллар төленді.
Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 97,2% (19,6 трлн теңге) орындалды. Тапшылықтың негізгі себептері – импорттың төмендеуі, ірі жобалардың іске қосу мерзімінің ауысуы, ҚҚС қайтарудың үш есеге еселенуі. Соған қарамастан ҚҚС жалпы түсімдері 4,8% ұлғайды. Ал көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің нәтижесінде бюджетке қосымша 1,28 трлн теңге түсті (2023 жылмен салыстырғанда +37%).
Бюджет шығыстары 97,8% орындалып, 23,6 трлн теңгеге жетті. Қаражаттың едәуір бөлігі әлеуметтік сала мен инфрақұрылымға бағытталды. Педагогтердің жалақысын көтеруге 93,8 млрд теңге бөлінді. 4 557 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 789 балабақша ашылып, осал санаттағы балалардың 100% тегін тамақпен қамтамасыз етілді. 19 млн текше метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 300 мыңнан астам адам газға қосылды. 3,5 мың шақырым сумен жабдықтау және 542 шақырым жылу желілері жаңғыртылды. Қуаты 700 МВт-тан астам жаңа генерация нысандары салынды.
Ұлттық жобаларға байланысты 751 млрд теңге бөлінді. Бұл 105 мектеп (254 мың орынға шақталған) салуға, сондай-ақ апатты және үш ауысымды мектептерге қатысты проблеманы жоюға әрі 460 денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтауға мүмкіндік берді. Биыл қосымша 195 медициналық нысанды іске қосу мен 32 көпсалалы аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланған.
Сонымен қатар 1,5 мың шақырым магистральды теміржол желісіне жөндеу жұмыстары аяқталды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша тасымалдау көлемі 2024 жылы 62%, яғни 4,5 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте транзит 4 есеге, сол секілді Қытайдан келетін транзит 28 есеге ұлғайды. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында үш жаңа терминал пайдалануға берілді.
Сондай-ақ министр бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы жеткізді: тиімсіз шығыстар сомасы 2024 жылы 24% азайып, 372 млрд теңге көлемінде байқалды. Былтыр Үкімет отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мәселелеріне басымдық берген болатын. Реттелетін сатып алу шеңберінде отандық кәсіпорындармен 1 трлн теңгеден астам сомаға ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттар жасалды. Бұл көрсеткіш 2,5 есеге артты.
«2024 жылы қабылданған негізгі шешімдер отандастарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған: тұрғын үймен қамтамасыз етуден бастап мектептер мен ауруханаларды жаңғыртуға дейін», деді Мәди Төкешұлы.