Ашықтық пен өзара диалог орнатуға бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Оның барысында еліміздің азаматтары көкейдегі сұрақтарын тікелей қойып, өз ұсыныстары мен өзекті мәселелерді жеткізді. Мұндай қарым-қатынас форматы мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланысты күшейтіп, сенімнің артуына әсер етеді.
Қабылдауға ведомствоның бірінші басшылары, оның ішінде Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры, Әлеуметтік сала бюджеті департаменті директорының орынбасары, сондай-ақ МКК мен министрлік аппаратының өкілдері қатысты.
Айталық, кездесуде Ақмола облысындағы мәдени-спорт кешенінің құрылысына байланысты өзекті мәселелер қаралды. Ведомство басшысы салалық құрылымдық бөлімшенің өкілдеріне барлық айтылған мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырып, өңірлердегі спорт және бос уақытты тиімді жұмсауға арналған инфрақұрылымды дамытудың әлеуметтік маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңға ерекше назар аударылды. Мәселен, оның ашықтығын арттыру үшін сатыпалым жүйесін жетілдіруге байланысты нақты ұсыныстар айтылды.
Кездесудің қорытындысы бойынша азаматтардың барлық өтініші жіті бақылауға алынды. Мәди Төкешұлы халықпен өзара байланыстың маңыздылығын айта келе қабылдауда көтерілген мәселелерді шешудің жүйелі жолдарын дайындауды тапсырды.