2025 жылдың 24 маусымында Қазақстан Республикасы халықаралық капитал нарығына 2,5 млрд доллар көлемінде дербес еурооблигацияларды сәтті орналастырды, оның ішінде:
- 7 жыл мерзімге 1,35 млрд доллары сомасындағы траншты, купон мөлшерлемесі – 5%;
- 12 жыл мерзімге 1,15 млрд доллары сомасындағы траншты, купон мөлшерлемесі – 5,5%.
Ұсыныстың алдында ҚР Қаржы министрлігі Лондонда роудшоу өткізіп, оған шамамен 180 ірі инвестор қатысты. Еурооблигацияларға деген сұраныс ұсыныстан екі есе асып түсіп, бұл Еуропа, АҚШ, Азия және Таяу Шығыс елдерінен келген әртараптандырылған әрі сапалы инвесторлардың жоғары қызығушылығын көрсетті.
Мұнай бағасының күрт төмендеуі, геосаяси тұрақсыздық пен базалық мөлшерлеменің құбылмалылығы сияқты нарықтағы күрделі жағдайларға қарамастан Қаржы министрлігі бағалы қағаздарды табысты орналастырды. Кіріс деңгейі кредиттік рейтингі жоғары (A/AA) Польша, Сауд Арабиясы және Чили сияқты елдердің көрсеткіштеріне жетеғабыл және BBB рейтингіндегі Мексика, Венгрия мен Перу сияқты елдерден айтарлықтай төмен болды.
Бұдан бөлек Қазақстан биыл A/BBB рейтингіндегі мемлекеттер арасында ең төменгі мөлшерлемелердің бірі бойынша облигацияларды орналастыруға байланысты рекорд орнатты.
Мұндай тиімді табыс көрсеткішіне еліміздің мықты макроэкономикалық нәтижелері – тұрақты экономикалық өсім, мемлекеттік қарыздың төмен деңгейі және жоғары сыртқы резервтердің болуы әсер етті.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан салық-бюджет саласындағы реформалар мен саяси өзгерістер халықаралық инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін едәуір арттырды.
Бұл орналастыру болашақта ұлттық компаниялар мен жеке сектор эмитенттердің шығарылымы үшін бенчмарк белгілеуге мүмкіндік берді.
Еурооблигациялар Лондон қор биржасында, Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында және Қазақстан қор биржасында листингке енгізіледі.
Осы орналастыру арқылы Қаржы министрлігі бұрын шығарылып, тартылған еурооблигацияларды толық көлемде қайта қаржыландырды.