
Қаржы министрі Мәди Такиев Парламент Мәжілісінде ҚР Үкіметінің 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін ұсынды.
Алдын ала мәліметтер бойынша ІЖӨ нақты өсімі 4,8% жетті. Бюджет түсімдері 98% орындалып, шамамен 20 трлн теңгеге артты. Шығыстардың көлемі – 23,5 трлн теңге. Осылайша, бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгеге немесе ІЖӨ-ге шаққанда 2,7% тең болды.
Инфляция 2023 жылмен салыстырғанда 9,8% 8,6% дейін төмендеді.
Тұтастай, Үкімет барлық әлеуметтік міндеттемені орындады, оның ішінде өңірлерді қолдауға 7,1 трлн теңге, әлеуметтік салаға 8,8 трлн теңге бағытталды.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 9% индекстелді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатыр: оның ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60% 65% дейін, ал ең жоғары мөлшері 100% 105% дейін ұлғайтылды. Тиісінше, жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері (ынтымақты және базалық) 2024 жылы – 86 068 теңгені, ал ең жоғары мөлшері – 197 873 теңгеге жетті.
Бұдан бөлек 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7% ұлғайтылды. Осы арқылы еңбек қабілетінен және асыраушысынан айырылуға байланысты жалпы сомасы 958,3 млрд теңге мөлшеріндегі төлемді 1,3 млн адам алды. Мүгедектік бойынша 477,3 млрд теңге сома 541 мың азаматқа берілді. Сонымен қатар балалары бар 1,3 мың отбасы 652 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.
Кірістер
Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 97,2% орындалды, бюджетке 19,6 трлн теңге түсті. Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірістері (трансферттерді есептемегенде) – 13,5 трлн теңге (95,7%).
Биыл кірістер бойынша түсімдердің төмендеуі қолайсыз экономикалық факторлардың жиынтығына байланысты болды. Өндіру, шығару және жеткізу көлемдерінің төмендеуі, сондай-ақ геосаяси тұрақсыздықтан туындаған логистикалық шығындардың ұлғаюы нәтижесінде 188 ірі кәсіпорын бойынша түсімдердің 1,4 трлн теңгеге төмендеуі тіркелді.
Екінші маңызды фактор бюджеттен қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтарудың бұрын-соңды болмаған өсімі болды. 2024 жылы бұл сома 1,2 трлн теңгеге жетті – былтырғы кезеңмен салыстырғанда бұл үш есеге көп (430 млрд теңге). Сонымен қатар биылғы алғашқы бес айда 673 млрд теңге қайтарылды және жыл соңына қарай 2024 жылмен ұқсас көрсеткіш тіркеледі деп болжанып отыр.
Үшінші тосқауыл әлемдік шикізат нарықтарында, әсіресе негізгі экспорттық металдар бойынша құбылмалы ахуал сақталып отыр. Айталық, мырыштың құны 22% - тоннасына 3129 доллардан 2449 долларға дейін, алюминий - 8% (2398 доллардан 2199 долларға дейін), мыс – 5% (8930 доллардан 8443 долларға дейін) төмендеді. Бұл валюталық түсімдерге және экспорт кірісінің төмендеуіне әсер етті.
Кіріс бөлігіне үшінші елдерден келетін импорттың да азаюы әсер етті. Есепті кезеңде импорт 2 млрд долларға төмендеді. Бұл сонымен қатар импортталатын тауарларға жанама салықтар бойынша түсімдердің азаюына әкелді.
Сонымен қатар экономикадағы көлеңкелі айналымды қысқарту, оның ішінде фискалды әкімшілендіруді цифрландыру арқылы жұмыс жалғасты, бұл бюджетке 1,2 трлн теңге сомаға қосымша түсімді қамтамасыз етті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37% көп.
Тексеру актілері бойынша шамамен 377 млрд теңге сомаға салықтар қосымша есептелді. Камералды бақылау қорытындысы бойынша бюджетке 262 млрд теңге өндірілді.
Есепті жылдың соңында берешек сомасы 18% немесе 62 млрд теңгеге төмендеді (есепті жылдың соңында берешек сомасы 282 млрд теңге болды).
Шығыстар
Есепті кезеңде бюджеттік шығыстар 98% орындалып, 23,6 трлн теңге болды. Игерілмеген 526 млрд теңге қалып, оның 12 млрд теңгесі Үкіметтің резервтік қорының бөлінбей қалған сома және өзге де үнемдеу қалған қаражат болып саналады.
Осыған қарамастан бір жылда әлеуметтік маңызы жоғары басымдыққа ие бағыттарға қаржыландыру жасалды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен 93,8 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтарынан 4 557 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Инфрақұрылымдық даму шеңберінде 3 412,2 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және жаңғыртылды (оның ішінде 1 160,7 шақырым - республикалық бюджет есебінен және 2 251,5 шақырым – Ұлттық қор қаражаты есебінен). Сондай-ақ 90,1 шақырым жылу желілері жөнделді.
Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асырудың нәтижесінде 2024 жылы жалпы халық саны 213 мың адам болатын 62 елді мекен газбен қамтамасыз етілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 168 жобаны іске асыру шеңберінде шамамен 152 ауылды елді мекен қамтылды.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға да қомақты қаражат жұмсалды – құрылыс, жаңғырту және жөндеу жұмыстары 12 мың шақырым автожолды қамтыды. Агроөнеркәсіптік кешенге 505 субъектіге қолдау көрсетілді, несиелеумен 3 585 шаруашылық қамтылды, 577 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі сатып алынды. Бұл 3,2 млн гектардан астам аумақта көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізуге мүмкіндік берді.
Ұлттық жобалар
Үш негізгі ұлттық жобаны іске асыруға – «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Қолжетімді интернет» бағдарламасына түрлі қаржыландыру көздерінен 751 млрд теңге бағытталды.
Осы жобаның аясында өңірлерге білім беру инфрақұрылымын дамытуға Ұлттық қор қаражаты есебінен 647 млрд теңге аударылды. Нәтижесінде 254 мың оқушыға орын дайындалып, 105 мектептің құрылысы аяқталды. 2025 жылы тағы 112 мектепті пайдалануға беру жоспарланған.
Ауылды жерлерде медициналық инфрақұрылымды жақсартуға 91,3 млрд теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 460 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. 2025 жылдың соңына дейін тағы 195 нысанның құрылысын аяқтау және 32 көпсалалы орталық аудандық аурухананы жаңғырту көзделген. Кадр тапшылығын шешуде оң үрдіс байқалады: 2023 жылмен салыстырғанда дәрігерлердің тапшылығы 17% төмендеді.
Цифрлы инфрақұрылымды дамытуға 13 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 5G-байланысымен республикалық маңызы бар қалалардың 30% және облыстық маңызы бар қалалардың 15% қамтамасыз етілді, бұл азаматтар мен бизнес үшін цифрлы мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашты.
«2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуын қорытындылай келе, Үкімет макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақтылығын қамтамасыз етті, барлық әлеуметтік міндеттемені орындады және орнықты даму бағытын сақтап қалды деп сеніммен айтуға болады. Сыртқы сын-қатерлерге және жаһандық тұрақсыздықтың ықпалына қарамастан, біз инфляцияны бақылауды сақтап, басымдыққа ие жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ете алдық және азаматтардың неғұрлым осал санаттарына қолдау көрсеттік. Фискалды әкімшілендіруді цифрландыру және бюджет процесінің ашықтығын арттыру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Біз құрғақ статистикадан сапалы нәтижелерге көшуді жалғастырамыз», деді Мәди Такиев.