ҚР Қаржы министрлігі қоғамның әл-ауқатына тікелей байланысты мемлекеттік қаржыны басқарады. Қызметкерлердің ашық, адал және жауапты тәртібі азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтады. Сондықтан кадр қызметі басшысы мен әдеп жөніндегі уәкілдің өңірлік кездесулерін өткізу бүкіл ел бойынша қызметкерлер арасында кәсіби мінез-құлықтың бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға ықпал етеді.
2025 жылғы 28-30 мамырда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Стратегия, персоналды басқару және жұмылдыру жұмысы департаментінің директоры Қайрат Орынханов пен Қаржы министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкіл Камшат Арыстанбекованың Қарағанды және Ұлытау облыстарына жұмыс сапары өтті.
Сапар барысында Мемлекеттік кірістер, Қазынашылық, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру, Ішкі мемлекеттік аудит комитеттерінің аумақтық департаменттері мен аудандық басқармаларының қызметкерлерімен, сондай-ақ Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы және Сәтбаев қаласының аудандық бөлімшелерінің өкілдерімен кездесулер өткізілді.
Жұмыс кездесулерінің негізгі мақсаты мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу болды. Қатысушыларға мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының негізгі аспектілері бойынша түсініктемелер берілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайы, қызметтік тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы белгіленген шектеулер, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік мәселелері талқыланды.
ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметте әдеп мәдениетін арттыру және адалдық қағидаттарын нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.