Елордада өтіп жатқан Астана халықаралық форумында ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесті.
Тараптар әріптестіктің 2026-2030 жылдарға арналған жаңа елдік стратегиясын дайындау шеңберінде Қазақстан Үкіметінің таяу 5 жылға арналған басымдыққа ие бағыттарын, сондай-ақ бірлескен перспективалы жобаларды іске асыру жолдарын талқылады.
Мәди Төкешұлы айтқандай, кейінгі жылдары Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасында кең ауқымды экономикалық мәселелерді қамтитын берік әрі сенімді әріптестік қалыптасты. Сондай-ақ ведомство басшысы банктің еліміздегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қосқан үлесін айтып, қолдау көрсеткен үшін ризашылығын жеткізді.
Қазақстан Дүниежүзілік банк тобына 1992 жылдың шілдесінде қосылған болатын. Аталған қаржы ұйымы еліміздегі ең ірі сыртқы қаржыландыру көздерінің бірі болып саналады. ДБ деректеріне сүйенсек, осы әріптестік арқылы 1992-2024 жылдар аралығында 8 млрд доллар сомасына 48 жоба жүзеге асырылды.