Ашықтық және есептілік – Қаржы министрлігінің қызметіндегі басымдық

Ашықтық және есептілік – Қаржы министрлігінің қызметіндегі басымдық

ҚР Қаржы министрлігі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарына сәйкес қызмет ашықтығын арттыру жөніндегі жұмыстарды іске асырып келеді. Айталық, қаржы саласындағы маңызды бастамаларды қоғамда талқылау, халықпен ашық кездесулер ұйымдастырып, азаматтардың өтініштерімен ұсыныстарын қабылдауға арналған цифрлы платформаларды қоса алғанда, коммуникациялық арналарды дамыту белсенді түрде қолға алынған. Оның жарқын мысалы ретінде ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың Алматы облысының халқымен кездесуін айтуға болады.

Алматы облысы – өнеркәсіп әлеуеті жағынан ең ірі өңірлердің бірі, мұнда түрлі минералдар мен табиғи ресурстар жеткілікті. Атап айтқанда, облыс ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерін шығару бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. 2025 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша осы өлкеде 200 мыңнан астам бизнес субъектісі тіркелген. Былтыр мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша жоспар 97,8% орындалды.

Өз кезегінде Әсет Нұрланұлы министрліктің қызметіндегі негізгі бағыттарды, былтырғы және биылғы 4 айдағы жұмыс нәтижелері туралы айтып берді. Сонымен қатар вице-министр қаржылық тұрақтылықты арттырып, іскерлік ахуалды жақсартуға бағытталған халық пен бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде түсіндірді.

Бұған қоса Қаржы министрінің орынбасары салық саясатын жетілдіру мен цифрлы жобалар туралы мұқият жеткізді. Негізгі бастамалардың қатарында: Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ), жеке тұлғалардың салық органдарымен қолайлы өзара іс-қимылына арналған e-Salyq azamat мобильді қосымшасы, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне салықтық сүйемелдеуді жеңілдету үшін әзірленген e-Salyq business платформасы таныстырылды. Аталған жобалар салықтық әкімшілендірудің ашықтығын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ведомство өкілі алматылықтардың тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға тұшымды жауап берді. Қойылған сауалдар көлік салығын есептеу, салық есептеулердің дұрыстығы мен ашықтығы, сондай-ақ салықтық әкімшілендіру ісінде қолданылатын ақпарат жүйелерінің тиімділігі мен қолжетімділігіне қатысты болды.

Қаржы министрлігінің қызметіндегі ашықтық қоғамның сенімін нығайтуға, мемлекеттік органдардың есептілігін арттырып, сондай-ақ азаматтардың басқару процесіндегі шешімдерді қабылдауға белсенді қатысуына жол ашады.