ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринкпен кездесті.
Оның барысында банктің Қазақстандағы қызметінің перспективасы, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың негізгі бағыттары талқыланды.
Юрген Ригтеринк айтқандай, Қазақстан ЕҚДБ-ның Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі және қаржы ұйымы ұлттық экономиканың орнықты дамуына бағытталған стратегиялық жобаларды қолдауды жалғастыруға дайын.
Өз кезегінде Мәди Төкешұлы еліміздің ЕҚДБ арадағы әріптестіктің маңыздылығы жоғары екенін айтып, қаржы институтының инвестиция құю мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді байланысты одан әрі күшейтуге мүдделі екендерін және Қазақстанның инвестициялық әлеуетін арттыру мен экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асырудың әлеуеті бар екенін атап өтті.
Сондай-ақ осы кездесуге ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан мен Қазақстандағы кеңсе басшысының орынбасары Асқар Намазбаев қатысқанын айта кетейік.