Мамыр айы мәресіне жетісімен мектептерде соңғы қоңырау соғылып, оқу жылы аяқталады. Бұл әсіресе түлектердің өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Осы күні ұстаздарға құрмет көрсетіліп, ата-аналар мен 11 жыл бойы білім нәрін сусындаған жастар колледж бен жоғары оқу орынға түсу үшін дайындыққа кіріседі. Астанадағы республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) өткен салтанатты жиынға ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев қатысып, түлектерге өз құттықтауын жеткізді.
РФММ – еліміздегі үздік білім беру ұйымдарының бірі. Мұнда жарты ғасырдан астам уақыт бойы математика, физика және информатика пәндері бойынша дарынды балаларды оқытуға ерекше ден қойылып келеді. Мұнда алғыр оқушылардың әлеуетін ашып, жоғары нәтижелерге жетуіне барлық жағдай жасалған әрі жоғарыда аталған пәндерді тереңдетіп оқытуға басымдық берілген. Білім ұясынан түлеп ұшқан жастар Қазақстанның қаржы ұйымдарында негізгі орындарда аянбай қызмет етіп, мемлекеттік сектор мен көптеген кәсіпорында табысты жұмыс істеп келеді.
Мәди Төкешұлы мұғалімдерді, оқушыларды, түлектерді және ата-аналарды осы мерекемен құттықтай отырып, білім ордасымен қоштасып отырған жас азаматтар өмірдің маңызды кезеңіне қадам басып отырғанын айтты.
«Сіздер – Отанымыздың болашағысыздар. Дәл сіздер қуатты әрі гүлденген Қазақстанды құратын боласыздар. Бойларыңыздағы күш-қайрат, білім мен асыл армандарыңыз еліміздің, халқымыздың және мәдениетіміздің игілігіне жарасын. Кім екендеріңізді және қайдан шыққандарыңызды ешқашан ұмытпаңыздар. Себебі әр қазақстандықтың жүрегінде Отанға, оның дәстүрлеріне, тарихы мен кемел келешегіне деген ұлы сезім бар», деді министр.