«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген Қазақстан Республикасы азаматының төлем қабілетсіздігіне байланысты туындайтын қатынастарға қолданылады.
Заңда үш рәсім көзделген:
- соттан тыс банкроттық;
- төлем қабілеттілігін қалпына келтіру;
- сот арқылы банкроттық.
Аталған рәсімдерді қолдану туралы өтініш беру негіздері мен шарттары Заңның 5 және 6-баптарында белгіленген.
Заңның 5-бабы 1-тармағына сәйкес соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы (лицензиясынан айырылғанына, таратылғанына немесе тарату сатысында екеніне, тізілімнен шығарылғанына қарамастан), сондай-ақ жеке тұлғалардың банк қарызы шарттары, қарыз (несие) шарттары және микрокредит беру шарттары бойынша талап ету құқықтары тиесілі өзге де ұйымдар алдындағы берешектер бойынша мынадай шарттар болған кезде қолданылады:
Сонымен қатар, Заңда ерекше шарттар көзделген:
6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қарызды өтеу мерзімінің сақталмауы туралы талап қолданылмайды;
берешегі 5 жылдан астам уақыт өтелмеген тұлғаларға мүліктің болмауы туралы талап қолданылмайды және қарыз сомасына шектеу қойылмайды.
Азамат көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда «E-gov» порталы және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өтініш бере алады.
Өтініш беру тәртібі туралы қосымша ақпаратты 1414 телефоны (қосымша 3 нөмірі) арқылы немесе Telegram чатында https://t.me/SalyqBot алуға болады. Бұл қызмет тегін көрсетіледі.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы сотқа өтініш берудің негіздері борышкерге тиесілі мүлік құнының оның барлық міндеттемелерінен (оның ішінде орындалу мерзімі келмеген міндеттемелерден) асып түсуі және (немесе) тұрақты табысының болуы болып табылады (Заңның 6-бабы 1-тармағы).
Сот арқылы банкроттық рәсімі борышкерде мүлік болған жағдайда немесе екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер, сондай-ақ жеке тұлғалардың банк қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары тиесілі өзге де ұйымдар алдындағы 1600 АЕК-тен асатын берешектер бойынша не өзге тұлғалар алдындағы берешектер бойынша қарыз мөлшеріне қарамастан қолданылады (Заңның 6-бабы 2-тармағы).
Сот арқылы банкроттық рәсімін қолданудың міндетті шарты – қарыздың 12 ай бойы өтелмеуі.
Азамат сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін қолдану туралы өтінішті тұрғылықты жері бойынша сотқа береді.
Уәкілетті орган соттың сот арқылы банкроттық рәсімін қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысын тағайындайды (Заңның 23-бабы 1-тармағы).
Қаржы басқарушысының сыйақысы борышкердің қаражаты есебінен төленеді.
Қаржы басқарушысының ай сайынғы сыйақысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір ең төменгі жалақы мөлшерін құрайды (2026 жылы – 85 000 теңге).
Алайда, егер борышкер әлеуметтік осал топтарға жатса және оның мүлкі болмаса, қаржы басқарушысының сыйақысы бюджет қаражаты есебінен төленеді.
Сонымен қатар, сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану үшін өтініш берген кезде 0,3 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет (қазіргі уақытта – 1297,5 теңге) (Салық кодексінің 665-бабы 1-тармағының 14) тармақшасы).
Банкроттық рәсімін қолданған азаматтар:
- 5 жыл ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие ала алмайды;
- тек 7 жылдан кейін ғана қайтадан аталған рәсімдерді қолдануға өтініш бере алады;
- банкроттықтан кейін 3 жыл бойы қаржылық жағдайына тексеру жүргізіледі.
Заңғы енгізілген өзгерістер
Алғашқы түзетулер 2024 жылғы 19 маусымда қабылданды. Сол кезде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану негіздері қайта қаралды. Бастапқыда бұл рәсімді қолдану үшін 12 ай бойы төлемнің болмауы және мүліктің болуы талап етілсе, енгізілген түзетулермен бұл критерийлер алынып тасталды. Бұл өз кезегінде аталған рәсімді қолдануға ниетті азаматтар санының артуына әсер етті. Егер түзетулерге дейін бұл рәсімге 20-дан аспайтын азамат жүгінсе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 883 азаматқа жетті.
Сонымен қатар, соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш беру тәртібі жеңілдетіліп, 12 айдан астам өтелмеген қарыз бойынша берешекті реттеу шараларын қабылдау талабы алынып тасталды. Соның нәтижесінде, берешекті реттеу фактісінің болмауына байланысты рәсімді қолданудан бас тарту жағдайлары азайды.
Бұдан бөлек, аталған рәсім шеңберіндегі кредиторлар тізбесі кеңейтілді. Бұл банктер мен микроқаржы ұйымдарына жатпайтын, бірақ бұрын азаматтарды кредиттеумен айналысқан ұйымдар алдындағы қарыздар бойынша да рәсімді қолдануға мүмкіндік берді.
Келесі түзетулерге 2025 жылғы 30 маусымда қол қойылды. Осы түзетулерге сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған банктік қарыз шарттары мен микрокредит беру шарттары бойынша берешекті реттеу талабы қолданылмайтын болып айқындалды. Сондай-ақ, борышкерге соттан тыс банкроттық рәсімін себептерін көрсетпей өз еркімен тоқтату құқығы берілді.
Ағымдағы жыл соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысты шағын, бірақ тұжырымдамалық өзгерістерден басталды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 16 қаңтарда енгізілген түзетулерге сәйкес:
- ломбардтар соттан тыс банкроттық рәсімі шеңберіндегі кредиторлар қатарынан шығарылды;
- қарызы 1 600 АЕК-тен аспайтын және бұл қарыздар бойынша орындамау мерзімі 5 жылдан асқан борышкерлер үшін соттан тыс банкроттық рәсімін өткізу мерзімі 1 (бір) айға дейін қысқартылды.