ВАЛЮТАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БОЙЫНША БИЗНЕС СУБЪЕКТІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ЕСКЕРТПЕ
Валюталық түсімді репатриациялау талабы.
Тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді экспорттау не импорттау туралы резидент еместермен шарт жасасқан бизнес субъектісі валюталық түсімді репатриациялау талабын орындауға міндетті.
Бұл Қазақстан Республикасындағы банктегі шотқа мынадай қаражатты есепке алуды білдіреді:
- экспорттық мәмілелер бойынша экспорттық түсімді;
- егер импорттық мәміле резидент емес тарапынан орындалмаған жағдайда, валютаны қайтаруды.
Репатриациялау талабы қолданылатын шарттар:
Репатриациялау талабы мынадай шарттарға қолданылады:
- қосымша келісімдерді ескере отырып, сомасы баламасында 50 мың АҚШ долларынан асатын валюталық шарттарға;
- келісімге қол қойылған күнге сомасы көрсетілмеген валюталық шарттарға.
Қабылдануы тиіс әрекеттер:
- тараптардың кез келгені міндеттемелерін орындауға кіріспес бұрын, экспорт немесе импорт шартына есептік нөмір алу.
Есептік нөмір деген не?
Есептік нөмір — бұл ақша қаражатының қозғалысын және шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын мониторингтеу мақсатында валюталық шартқа берілетін сәйкестендіру нөмірі.
Экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартқа есептік нөмір берілген жағдайда ғана банк осы шарт бойынша төлемдер мен аударымдарды жүзеге асырады.
Есептік нөмір алу үшін қайда жүгіну қажет?
Есептік нөмір алу үшін қызмет көрсететін уәкілетті банкке немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалына жүгіну қажет.
Алайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалында есептік нөмір Қазақстан Республикасының «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңының 9-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген айрықша жағдайларда ғана беріледі.
Есептік нөмірді қандай құжаттарда көрсету қажет?
Валюталық шарттың есептік нөмірі тауарларға арналған декларацияларды, электрондық шот-фактураларды ресімдеу кезінде, сондай-ақ осындай валюталық шарттар бойынша төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру барысында көрсетілуі тиіс.
Валюталық түсімді репатриациялау талабын орындамағаны және есептік нөмірді уақтылы алмағаны үшін қандай жауапкершілік көзделген?
Валюталық түсімді репатриациялау талабын орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабына сәйкес, репатриацияланбаған соманың 20 % мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Валюталық шартқа есептік нөмір алу үшін жүгіну мерзімін бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 244-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады:
- алғаш рет жасалған жағдайда – ескерту түрінде,
- қайталап жасалған жағдайда – айыппұл салу түрінде.