Жалпыға бірдей декларациялау бойынша сұрақтар-жауаптар
1. Сұрақ: Менің Қазақстанның бірнеше қалаларында жылжымайтын мүлкім бар. Барлық пәтерлерімді активтер мен міндеттемелер декларациясына (250.00 нысан) қосуым керек пе?
Жауап: Жоқ, активтер мен міндеттемелер декларациясына тек Қазақстаннан тыс жерде тіркелген жылжымайтын мүлік көрсетілу керек.
2. Сұрақ: Мен бұрын мемлекеттік қызметкер болдым, 250.00 және 270.00 нысандары бойынша салық декларацияларын тапсырдым. Өткен жылы зейнетке шықтым. Осы жылы 270.00 нысан бойынша салық декларациясын тапсыруым керек пе?
Жауап: Егер өткен жылы мемлекеттік қызметте кем дегенде бір күн жұмыс істеген болса, осы жылы 270.00 нысан бойынша салық декларациясын тапсырады. Кейінгі жылдары 270.00 нысан бойынша салық декларациясын тек өз бетінше салық салынуға жататын кірістер алған жағдайда , оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден кіріс алған болса, не Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркелген жылжымалы не жылжымайтын мүлік, активтер немесе банк шоттары болған жағдайда, немесе жалпы құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік пен активтерді, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сатып алған жағдайда , сондай-ақ дебиторлық не кредиторлық берешегі болған жағдайда ғана тапсырады.
3. Сұрақ: Мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктерде банк шоттары бола ала ма?
Жауап: Иә, бола алады, бірақ тек ерекше жағдайларда ғана: егер мемлекеттік қызметші шетелдік мекемелерде жұмыс істеуге жіберілсе, шетелде іссапарда болса немесе оқыса, шетелде тағылымдамадан өтсе, шетелде емделіп жатса немесе кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі не қамқоршысы ретінде шетелде болса.
4.Сұрақ: Активтер мен міндеттемелер декларациясында көрсетілуі мүмкін қолма-қол ақшаның ең көп сомасы қандай?
Жауап: Қолма-қол ақша республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және жеке тұлғаның активтер мен міндеттемелер декларациясы тапсырылған жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша қолданыста болатын ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 10 000 еселенген мөлшерінен аспайтын сомада көрсетіледі.
5. Сұрақ: Өзім жинаған және туыстарым сыйға тартқан зергерлік бұйымдарым бар. Оларды активтер мен міндеттемелер декларациясында көрсетуім керек пе?
Жауап: Жеке тұлғаның қалауы бойынша көрсетіледі. Егер осы мүліктің бір бірлігінің бағасы (құны) есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданыстағы 1000 АЕК-тен асса және бағалау қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт негізінде жүргізілген бағалау туралы есепте оның құны айқындалған болса, онда ол декларацияда «басқа» мүлік ретінде көрсетіледі.